«Уәде»: Телевизиялық дебаттың төртінші кезеңі түйінделді
АСТАНА. KAZINFORM – Jibek Joly телеарнасында Құрылтай сайлауына қатысатын жеті саяси партия өкілдерінің алғашқы командалық теледебатының шешуші кезеңі мәресіне жетті.
«Уәде» деп аталатын кезеңде әрбір партия өкілі Құрылтайға сайланған жағдайда атқарылатын істің анық-қанығын баяндады. Белгіленген 2 минут ішінде саяси ұйымдардың алдағы жоспары, бес жылға жоспарланған міндеттер тарқатылды.
«Ақ жол» партиясы салық жүйесін ілгерілетуге, сыбайлас жемқорлықпен күресті дамытуға, несие мен әділ сайлау жүйесін және жастарды баспанамен қамтуға уәде берді.
ЖСДП Құрылтайға өтсе, әйелдер құқығын қорғап, заң үстемдігін нығайтуға бекіп отыр.
«Әділет» партиясы жемқорлықпен күресуге, 1 млн жұмыс орнын құру, 95 пайыз еңбек шартын электронды форматқа көшіруге, сот жүйесін цифрландыруға сөз берді.
Қазақстан Халық партиясы сот жүйесіне жасанды интеллекттіні енгізуге, тегін заң көмегін қамтамасыз етуге, полиция қызметін реформалауға және жасөспірімдер қылмысын азайтуға талпынбақ.
«Ауыл» партиясы ауылдардың инфрақұрылымын жақсартуға, шаруаларға қолдау білдіруге, еңбек адамын көтеруге және дәстүрлі отбасы құндылығын насихаттауға күш салатынын мәлімдеді.
«Байтақ» партиясы сөз бостандығын қамтамасыз етуге, орташа жалақыны көтеруге, көпбалалы аналарға төленетін әлеуметтік төлемді арттыруға, экологиялық мәдениетті жетілдіруге кіріспек.
Respublica партиясы әйелдер құқығын қаперде ұстауға, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, кәсіпкерлерді қолдауға бел шешіп кірісетінін хабарлады.
Бұған дейін екінші кезеңінен кейінгі сауалнаманың аралық нәтижесін жарияладық.
Сонымен қатар теледебаттың үшінші кезеңінде партиялар бір-біріне сұрақ қойды.