09:32, 18 Шілде 2017 | GMT +5
ҰБҚ «Хьюстон» клубы сатылымға қойылды, оны 1,65 млрд долларға бағалауда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық баскетбол қауымдастығының «Хьюстон» клубы сатылымға қойылды. Бұл жайлы клуб президенті Тэд Браунға сілтеме жасаған ESPN телеарнасы хабарлайды.

«Клуб иесі Лесли Александер «Хьюстонды», сондай-ақ кәсіби және жартылай кәсіби спорттық клубтарды басқару жөніндегі "Клатч Сити Спортс энд Энтертейнмент" (Clutch City Sports and Entertainment) компаниясын сатылымға қойды», - деді Браун. Ол 1993 жылдан бері клубқа ие болып келе жатқан Лесли Александерге бірнеше жылдар бойы клубты сату жөнінде түрлі ұсыныстар келіп түскендігін және оның соңғы сәттерге дейін бұларды қарастырмағандығын мәлім етті.
ESPN телеарнасының атап өтуінше, клубқа тек АҚШ-тың ғана емес, Азия елдерінің инвесторлары да қызығушылық танытуы мүмкін. Клубтың қазіргі иесі оны 85 млн долларға сатып алған, биылғы жылы Forbes журналы «Хьюстонды» 1,65 млрд долларға бағалаған болатын.