ҰБТ-2026: талапкерлер ең көп таңдаған бейіндік пәндер комбинациясы белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM — Биылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуде (ҰБТ) талапкерлер ең көп таңдаған бейіндік пәндер комбинациясы «Математика — Физика» болды. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлзат Жарасова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
— Биыл талапкерлердің 18,2 пайызы «Математика — Физика» пәндер комбинациясын таңдады. Одан кейін «Биология — Химия» (14,4%) және «Шығармашылық емтихан» (12,4%) пәндер комбинациялары тұр, — деді ол.
Комитет төрағасының айтуынша, инженерлік-техникалық бағыттарға қызығушылықтың артуы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік білім беру гранттарының басым бөлігінің осы бағыттарға бөлінуімен байланысты.
Айта кетейік, негізгі ҰБТ биыл 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтті. Тестілеуге 233 мың талапкер қатысып, екі мүмкіндігін қоса есептегенде тест 422 мың рет тапсырылды.
ҰБТ-ны талапкерлердің 73,1 пайызы қазақ тілінде, 26,8 пайызы орыс тілінде тапсырды. Сондай-ақ 383 талапкер ағылшын тілінде тест тапсырған.
Еске салайық, жоғары оқу орындарының білім беру гранттары конкурсына қатысу үшін өтініш қабылдау 13–20 шілде аралығында жүргізіліп жатыр.