ҰБТ кезінде 142 ереже бұзушылық анықталды – министрлік
АСТАНА.KAZINFORM – Биылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу басталғаннан бері 116 мыңға жуық сынақ өткізілді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Атап айтқанда, 2025 жылғы 16 мамырда басталған негізгі ҰБТ аясында талапкерлердің 72 пайызы тестілеуді қазақ тілінде, 28 пайызы орыс тілінде тапсырса, 114 үміткер сынақты ағылшын тілінде тапсырған.
Екінші аптаның қорытындысы бойынша тест тапсырушылардың 66,8 пайызы шекті балл жинаған. Бес пән бойынша орташа көрсеткіш 64 балл болды. Ең жоғары нәтиже – 140 балл Түркістан облысының талапкері Әбілхан Жәнібектің еншісінде.
Ол бұл көрсеткішке тестілеудің алғашқы аптасында қол жеткізген.
Министрлік мәліметінше, талапкерлер арасында ең көп таңдалған пәндер комбинациясы – «Математика-Физика» (19%), «Шығармашылық емтихан» (15%) және «Биология-Химия» (14%).
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін жасалған қолайлы жағдайлардың арқасында 384 үміткер ҰБТ-ға қатысқан.
ҰБТ-ны өткізудің алғашқы аптасында 142 ереже бұзушылық фактісі тіркелген. 68 талапкер тыйым салынған заттарды – смартфондар мен шпаргалкаларды – аудиторияға алып кірмек болғаны үшін тесттен шеттетілді. Тағы 74 адам тестілеу барысында ереже бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылған. Өзге тұлғаның орнына кіру деректері тіркелмеген.
2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін барлық бейнежазбаға талдау жүргізіледі. Егер тестілеу кезінде ереже бұзу немесе тыйым салынған заттарды пайдалану фактілері анықталса, талапкердің нәтижелері жойылады.
Айта кетейік, тест тапсырғаннан кейін 30 минут ішінде талапкерлер тест мазмұны бойынша апелляцияға өтініш бере алады. Ал техникалық себептер бойынша өтініштер тестілеу кезінде қабылданады. Апелляция қаралған соң, нәтижелері бар сертификаттар талапкерлердің жеке кабинеттеріне жүктеледі.
Бұған дейін ел аумағында негізгі ұлттық бірыңғай тестілеу 16 мамырда басталғаны жайлы жазғанбыз.