ҰБТ: Қызылордалықтардың орташа көрсеткіші 81,8 балл

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Ұлттық бірыңғай тесттен биыл қызылордалықтар жақсы көрсеткіш көрсетті. Алдын ала нәтиже бойынша 81,8 балды құрап отыр. Бұл туралы бүгін облыс әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы аппарат мәжілісінде мәлімдеді.

ҰБТ: Қызылордалықтардың орташа көрсеткіші 81,8 балл

Өткен жылы орташа көрсеткіш 74,2 балл болған. Биыл 7,6 пайызға жоғарылады. Аудандар арасында ең жоғары нәтижеге 83,5 балмен жалағаштықтар қол жеткізді. Мектептер арасында Қазақ-түрік қыздар лицейінің еншісінде. Аталған мектеп оқушыларының орташа көрсеткіші 109,9 балл. Ең жоғары 123 балды №202 орта мектептің оқушысы жинады. Алтын белгіге 231 оқушы үмітті болған болса, соның 136-сы өз білімдерін дәлелдеді. Өткен жылы екілік бағаны 280 оқушы алса, биыл 109 оқушыны құрады.

«Бұл нәтиженің барлығы алдын ала есеп бойынша. Нақты қорытынды бір-екі күнде белгілі болады. Салыстырмалы түрде барлық көрсеткіш бойынша өткен жылдармен салыстырғанда жақсарған», - деді облыс әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы.

Облыс әкімі Қ.Көшербаев ҰБТ сәтті өтуіне атсалысқандардың барлығына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, алдағы уақытта олар арнайы мадақтау қағазымен марапатталатынын жеткізді.