ҰБТ-ның жаңа форматы: 2026 жылы тестілеуде өзгеріс болмайды
АСТАНА. KAZINFORM — Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті ҰБТ-ны жетілдіруге қатысты түсінік берді.
- Қазақстандық ҰБТ-ны үздік әдіснамасы мен сапасы бар халықаралық тестілеу жүйесіне айналдыру үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының қызметі аясында Educational Testing Service (ETS) дүниежүзілік текстологиялық компаниясында оқыту үшін әзірлеушілер мен сарапшылардың тізімдерін дайындау, ҰБТ-ны кезең-кезеңімен жетілдіру бойынша бес жылдық жоспарын әзірлеу және ETS компаниясымен бірлесіп ҰБТ форматын жетілдіру бойынша әдіснаманы әзірлеу жоспарланып отыр, - делінген ведомствоның Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Бұл тұрғыда министрлік 2026 жылы тестілеу форматына ешқандай өзгеріс енгізу жоспарланбағанын атап өтті.
- Барлық өзгеріс ғылыми тұрғыдан зерделеніп, шетелдік және отандық тәжірибелі маман-сарапшылар мұқият талқылайды. Білімді бағалау жүйесіндегі өзгерістер және олардың маңыздылығы, сондай-ақ нәтижелері бойынша жұмыстар түсіндіріледі, - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.
Еске салсақ, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі және ETS білім беру және таланттарды дамыту саласындағы халықаралық ұйымы еліміздің жоғары оқу орындарына түсуге арналған негізгі құралы – Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) трансформациялауға бағытталған стратегиялық әріптестікті бастайды.
Бұл тұрғыда Қазақстанда ҰБТ форматы халықаралық стандарттарға сай жаңартылады. ҰБТ-ны жаңа форматқа көшіру аясында 2027 жылы жаңа жоба ұсынылуы мүмкін.