Уимблдон төрінде өнер көрсеткеніме қуаныштымын – Бейбіт Жұқаев

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, 24 жастағы Бейбіт Жұқаев биыл спорттық жолында алғаш рет Уимблдон турнирінде ойнады. Осыған орай Kazinform тілшісі Алматы қаласында тұратын Бейбітке бірнеше сауал қойған еді. 

Уимблдон төрінде өнер көрсеткеніме қуаныштымын – Бейбіт Жұқаев
Фото: ҚТФ

– Бейбіт, алғаш рет Уимблдон турнирінде өнер көрсеттің. Алған әсерің қандай?

– Төрткіл дүние көз тігетін «Үлкен дулыға» жарысына қатысуды бала кезден армандадым. Сол арманымның Уимблдонда орындалғанына қуаныштымын. Іріктеу сайысынан өтіп, мықты қарсыласпен ойнаудың өзі – үлкен жетістік. Италиялық Флавио Коболлимен бірінші және екінші сет өте тартысты болып, партия тағдырын сәттілік шешті. Үшінші сетте ол күш алып кетті де, ауыр тиді. Оның үстіне іріктеу кезіндегіге қарағанда, негізгі жарыстағы корттар өзгешелеу болды. Ойын кортында бір-ақ рет жаттықтым, сондықтан бұл жеткіліксіз еді. Маған бұл корт тез ойынға арналғандай көрінді. Уақыттың тығыздығынан бұл төсенішке бейімделіп үлгермеген де шығармын. Әрине, қарсыластың деңгейі де жоғары, ол – ТОП-25-ке кіретін ойыншы. Дегенмен бұдан кейін де өсу үшін тәжірибе жинадым деп ойлаймын.

– Алдағы мақсат-жоспарың жөнінде не айтасың?

– Қазіргі кезде тордың жанында ойнау, доп қабылдау, тез қимылдау бағытында шеберлігімді ұштай түспекшімін. Дене дайындығы бойынша жаңа бапкерді іске қостым. Солтүстік Америкадағы турнирлерге дайындалудамын. Оған қоса ATP жарыстарына қатысуға бел будым, бұл челленджерлерге қарағанда, көбірек тәжірибе жинап, шеберлік деңгейі жоғары теннисшілермен қарым-қатынас жасауға жәрдемдеседі. 

теннис
Фото: ҚТФ

– Ірі жарыстарда қолдау да маңызды ғой. Жауапты сәтте жаныңда кімдер болды?

– Жүйелі қолдаусыз табысқа жету мүмкін емес. Қазақстан теннис федерациясы жасөспірім кезімнен қолдап келеді. Жарыстарға wild cards (арнайы шақырту) береді, жаттығу корттары, қаржыландыру бар — мұның бәрі шешуші рөл атқарады. Биыл да қолдау жөнінде келісім жасалған. 

Моральдық қолдау туралы айтсам, негізгі жарысқа шыққан кезде күллі Қазақстанның маған жанкүйер болып жатқанын естідім. Бұл – қазақстандық теннис үшін, әсіресе, Қазақстанда өмір есігін ашқан ойыншы үшін жақсы нәтиже. Бұл теннис федерациясы үшін де, еліміз үшін де елеулі табыс деп есептеймін. Бәріне қолдау үшін алғысымды айтамын.

– Алдағы додаларда сәттілік тілейміз, Бейбіт!

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Уимблдон турнирін жеңіспен бастағанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар