Уимблдон турнирі: Александр Бублик әлемнің жетінші ракеткасына жол берді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Александр Бублик Уимблдон турнирінің ширек финалына шыға алмады.
Қазақстандық теннисші төртінші айналымда әлемнің 7-ракеткасы, америкалық Тейлор Фрицпен бетпе-бет келді.
Қарсыластар осыған дейін өзара сегіз рет шеберлік байқасқан, есеп тең — 4:4.
Бұл жолы бірінші партияда тай-брейкте Фриц сәтті ойнады — 7:6 (7:1).
Екінші сет соңында да америкалық теннисші күш алып кетті — 6:4.
Т.Фриц үшінші партияда 3:1 есебімен алға шықты. Ақыры есесін жіберген жоқ — 6:4.
Қазақстандық теннисшінің матч соңына таман оң жамбасын ауырсынғаны байқалып тұрды.
Бір сағат 41 минутқа созылған бәсекеде Бублик 13 эйспен бірге 3 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Фриц 23 эйс, 3 брейкпен (4 брейк-пойнт) көзге түсті.
Осылайша, ересектер арасында Уимблдонда Қазақстаннан ешкім қалмады.
Жасөспірімдер арасында Заңғар Нұрланұлы мен Дамир Жалғасбай жарысты жалғастыруда.
Өткен жылы А.Бублик Уимблдон додасында алғашқы айналымнан аса алмаған еді. Биыл сол көрсеткішін біршама жақсартып, төртінші айналымға дейін жетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Уимблдон турнирінде Дамир Жалғасбайдың жеңісті жолын жұптық сында жалғастырғанын жазған едік.