Уимблдон турнирі: Александр Бублик алғашқы қарсыласын камбэкпен жеңді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Александр Бублик Уимблдон турнирінің екінші айналымына жолдама алды.
«Үлкен дулыға» додасының 10-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін рейтингіде 491-сатыдағы аустралиялық Танаси Коккинакиспен өткізді.
Қарсыластар осыған дейін бір-ақ рет кездескен. 2018 жылы Акапулько (Мексика) ATP 500 жарысының алғашқы айналымында Коккинакис 6:4, 6:3 есебімен ұтқан.
Бұл жолы аустралиялық спортшы ойынды сәтті бастады — 6:4.
Екінші сетте Бублик есе қайырды — 6:3.
Үшіншісінде Коккинакис тай-брейкте таразы басын өзіне аударды — 7:6 (12:10).
Дегенмен бұдан кейін қазақстандық теннисші матчты жеңіспен түйіндей білді — 6:3, 6:4.
Үш сағат 39 минутқа созылған тартысты матчта Бублик 28 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Коккинакис 27 эйс, 1 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.
Александр Бублик үшінші айналымға шығу үшін рейтингіде 139-орындағы франциялық Кириян Жакемен шеберлік таластырады. Ол алғашқы айналымда әлемнің 129-ракеткасы, литвалық Вилюс Гаубасты қапы қалдырды — 6:3, 6:4, 7:6 (7:2).
Өткен жылы Уимблдонда А.Бублик бірінші кездесуінде-ақ жеңіліп қалған болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Уимблдон турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған едік.