Уимблдон турнирі: Анна Данилина камбэкпен үшінші айналымға шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 6-ракеткасы Анна Данилина Уимблдон турнирінің үшінші айналымына жолдама алды.
Сербиялық Александра Круничпен бірге жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда украиналықтар Ангелина Калинина — Даяна Ястремскаяға тап келді.
Бірінші партияда украиналық жұп басымдылық танытты — 6:2.
Екіншісінде қазақстандық-сербиялық жұп есе қайырды — 6:4. Сосын үшінші, шешуші сетте бет қаратпады — 6:0.
Бір сағат 47 минутта созылған бәсекеде Анна мен Александра 1 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Украиналық дуэт 1 эйс, 4 брейкпен (7 брейк-пойнт) шектелді.
Анна Данилина — Александра Круничтің келесі қарсыластары кейін анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Уимблдон турнирінде Елена Рыбакинаның орталық кортта қарсыласын ойсырата жеңгенін жазған едік.
Сондай-ақ Александр Бублик Уимблдон турнирінің үшінші айналымына шықты.