Уимблдон турнирі: Анна Данилина жарыс жолын аяқтады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 6-ракеткасы Анна Данилина Уимблдон турнирінің ширек финалына шыға алмады.
Сербиялық Александра Круничпен бірге жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші үшінші айналымда эстониялық Ингрид Нил — мексикалық Джулиана Олмосқа тап келді.
Бірінші партияда Анна мен Александра басымдылық таныттты — 7:5 Екіншісінде есеп 3:3 болған мезетте эстониялық-мексикалық дуэт брейк жасап кетті — 6:4.
Үшінші, шешуші партия да дәл осындай есеппен Нил мен Олмостың пайдасына жазылды.
Екі сағат 48 минутқа созылған тартысты бәсекеде Данилина — Крунич 7 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың тек біреуін ғана пайдаланды. Қарсылас жұп 2 эйс, 2 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.
Осылайша, Анна Данилина Уимблдонда жарыс жолын аяқтады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Уимблдон турнирінде Дамир Жалғасбайдың жарыстың 7-ракеткасын жеңгенін жазған едік.
Юлия Путинцева Швециядағы турнирде алғашқы қарсыласын ұтты.