Уимблдон турниріндегі сенсация: Елена Рыбакина төртінші айналымнан тыс қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 2-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің төртінші айналымына шыға алмады.

Рыбакина
Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 27-ракеткасы, бельгиялық Элизе Мертенспен жолығысты.

Қарсыластар осыған дейін өзара сегіз рет кездесіп, соның жетеуінде Еленаның мерейі үстем болған еді. Соның ішінде Рыбакина Мертенсті биылғы Аустралия ашық чемпионатының төртінші айналымында 6:1, 6:3 есебімен ұтқан болатын. 

Бұл жолы бірінші партияда теннисшілер қос брейкпен алмасты. Тай-брейкте Мертенс сәтті ойнады — 7:6 (7:4).

Екінші сетте Э.Мертенс айқын басымдылық көрсетті — 6:1.

Бір сағат 37 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 2 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың тек екеуін пайдаланды. Мертенс 4 эйс, 4 брейкпен (10 брейк-пойнт) ерекшеленді.

Осылайша, Е.Рыбакина күтпеген жерден Уимблдон додасын ерте аяқтады. Оған қоса әлемнің 1-ракеткасы болу мүмкіндігінен де айырылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Уимблдон турнирінде Елена Рыбакинаның орталық кортта қарсыласын ойсырата жеңгенін жазған едік.

Сондай-ақ Александр Бублик Уимблдон турнирінің үшінші айналымына шықты.