Үкімет 2016 жылдан бастап электр энергиясына шекті бағаны бекітетін болады

Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы, табиғи монополиялар мен реттелетін нарық субъектілерінің инвестициялық қызметі мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдау барысында мәлім болды.
Заң жобасы бойынша баяндаған депутат Асхат Бекеновтың айтуынша, құжатты екінші оқылымға әзірлеу барысында 320-дан астам түзетулер түсіп, оның 203 ұстанымы қабылданды.
«Атап айтқанда, тұтынушыларды электр және жылу энергиясымен сенімді түрде әрі іркіліссіз қамтамасыз ету үшін бірқатар нормалар нақтыланды. Мәселен, тұтынушыларға электр энергиясын заңсыз шектегені және ажыратқаны үшін, энергиямен жабдықтаушы ұйымның тұтынушымен шарт жасаудан бас тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Бұдан бөлек, энергияны заңсыз қосқаны және пайдаланғаны үшін, сондай-ақ электр стансыларын, желілерін және жабдықтарын техникалық пайдаланудың белгіленген қағидаларын бұзғаны, электр желілерін бүлдіргені үшін жауапкершілік күшейтілді», - дейді А. Бекенов.
Сонымен қатар, құжат нормаларын нақтылайтын түзетулер де енгізілген. «Мысалы, тарифтердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында депутаттардың ұсыныстары бойынша «электр энергиясына арналған шекті тариф», «электр қуатының нарығы» секілді ұғымдар нақтыланды. Бұдан бөлек, ҚР Үкіметінің 2016 жылдан бастап электр энергиясына арналған шекті тарифті, электр қуатының әзірлігін қолдау бойынша көрсетілетін қызметке арналған шекті тарифті бекітуі нақты регламенттеліп отыр», - дейді депутат.