Үкімет басшысы ЕЭК Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі алқа мүшесі Даниал Ахметовті қабылдады
АСТАНА. 22 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Еуразия экономикалық комиссиясының Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі алқа мүшесі (министр) Даниал Ахметовті қабылдады.
Бұл туралы Үкімет басшысының ресми сайтында хабарланды.
Кездесу барысында Д.Ахметов Үкімет басшысына Еуразия экономикалық комиссиясының қызметі, оның жұмысының ағымдағы және перспективалық жоспарлары туралы айтып берді.
«Президенттердің тапсырмаларына сәйкес біз осы жылдың 1 мамырына дейін Комиссия жұмысының перспективалық бағдарламасын әзірлеуіміз қажет. Мен сондай-ақ Премьер-Министрге нормативтік-құқықтық базаны кодтау жөніндегі жұмыстар туралы, біздің Комиссия шеңберінде қандай жаңа құжаттар әзірленіп жатқаны жайлы, таяу арада интеграцияның қандай жаңа бағыттарын жоспарлап отырғанымыз туралы айтып бердім», - деді Д.Ахметов кездесу соңында.
Оның сөзіне қарағанда, интеграцияның жаңа бағыттары қазақстандық экономиканың түрлі салаларындағы, ең алдымен, электр энергетикасы саласындағы жалпы нарықты ұйымдастырумен байланысты.
«Барлық интеграциялық үрдістерге біздің мамандарымыздың қатысатынын тағы да атап айтқым келеді. Кез келген экономикалық мәмілелер теңдік, бәсекелестік, адамгершілік және адал қарым-қатынастар мәдениеті ұстанымдарына негізделеді. Сондықтан, Қазақстанның Кеден одағы шеңберіндегі жұмыстары айдан анық. Біз тауар айналымының едәуір өсуіне де қол жеткіздік», - деп қорытындылады Д.Ахметов.