16:44, 02 Наурыз 2009 | GMT +5
Үкімет басшысы «JP Morgan» банкі басқармасының тең төрағасымен кездесті
АСТАНА. Наурыздың 2-сі. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов «JP Morgan» банкі басқармасының тең төрағасы Уильям Уинтерс бастаған осы банктің бір топ өкілдерімен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Кездесуде әлемдік экономика және қаржы жүйесіндегі жағдай, сондай-ақ қазақстандық экономиканың даму келешегі талқыланды.Шетелдік инвесторлардың пікірінше, Қазақстан қазіргі таңда өзінің экономикасы мен қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажетті қадамдардың барлығын қабылдады, ел JP Morgan сарапшылары аяқталуын 2009 жылдың ортасы мен соңына болжап отырған жаһандық экономикалық құлдырау кезеңін сәтті еңсеруге дайын. Тараптар Қазақстан Үкіметі жүргізіп отырған тұрақтандыру шаралары туралы әңгімелесті.JP Morgan өкілдері бұған дейін жүргізілген теңгенің құнсыздануы «біршама жанға батқанымен, Қазақстан экономикасы үшін дер кезінде әрі қажетті қадам» екенін атап өтті.Сонымен қатар, Қазақстан инвестициялық жағынан тартымды мемлекет болып қала беретінін атап өткен У.Уинтерс шетелдік инвесторлардың, оның ішінде «JP Morgan» тобының да экономиканың нақты секторында жобаларды іске асыруға мүдделі екенін жеткізді.JP Morgan компаниясы өкілдерінің пікірінше, нақты секторда көптеген ірі қазақстандық кәсіпорындар жүргізіп отырған тұрақтандыру шаралары әлемдік индустрияның бүтін бір сегментін сақтап қалу саясатының үлгісі бола алады, ал, бұл орайда үкімет қолдауы шешуші маңызға ие.Кездесу соңында Кәрім Мәсімов пен Уильям Уинтерс оңтайлы әрі тығыз қарым- қатынастың жалғасатынына сенім білдірді.