Үкімет басшысы Ұлыбританияның Елшісі Пол Браммеллді елшілік қызметі мерзімінің аяқталуына байланысты қабылдады
деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында екі жақты қарым-қатынастарды әрі қарай дамыту, атап айтқанда табиғи ресурстарды игеру саласындағы әлеуетті іске асыру, сондай-ақ экономиканың өзге де салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Пол Браммелл Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың 2006 жылы Ұлыбританияға жасаған сапары «екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі дамуына өте жақсы серпін бергенін» атап өтті.
Ұлыбритания елшісі мұнай-газ секторындағы, сондай-ақ көлік, қаржылық қызмет және білім беру салаларындағы өзара іс- қимылдың сәтті нәтижелеріне тоқталды.
Сонымен бірге, П.Браммелл келесі аптада Қазақстанға Ұлыбританияның жоғары білім және интеллектуалдық меншік министрі Дэвид Лэммидің келетінін хабарлады. «Талқылауға тұрарлық көптеген жағымды тақырыптар бар. Мәселен, Ұлыбританияның Астана қаласындағы Н.Назарбаев атындағы жаңа университетті дамытуға қолдау көрсетуі», - деді ол.
Премьер-Министр Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания арасындағы қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесі үшін елшіге алғысын білдірді.
Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен Ұлыбританияның ынтымақтастығы әрі қарай да нығайып, кеңейе түсетініне сенім білдірді.