Үкімет балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жайын талқылайды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысы өтеді. Онда Министрлер кабинетінің мүшелері оқу жылының аяқталуын қорытындылап, оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесін пысықтайды.
Биыл оқу жылын 3,9 миллионнан астам оқушы аяқтады. Оның ішінде 215 мыңнан астамы – 11-сынып түлектері. Оқу жылының қорытындысы бойынша 9-сыныпты үздік аяқтауға үміткерлер саны – 31 мыңнан астам. Ал 11-сыныпты үздік аяқтауға – 18 мың оқушы үміткер.
Оқу жылының аяқталуына орай 25 мамыр күні еліміздің барлық мектептерінде «Білімім — Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізілді. Сынып сағаттарында оқу жылы қорытындыланып, оқушылардың жетістіктері мен жарқын сәттері еске алынды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217 заманауи мектеп пайдалануға берілді. Оның 84-і ауылдық елді мекендерде орналасқан. Қазіргі таңда бұл мектептерде 220 мыңнан астам оқушы білім алып, 16 мыңға жуық педагог жұмыс істеп жатыр. Жалпы, еліміздің білім беру ұйымдарында 420 мыңнан астам педагог еңбек етеді.
Оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесіне келер болсақ, 2026 жылғы 1 сәуірден бастап елімізде алғаш рет балалар сауықтыру орталықтарының қызметін лицензиялау жүйесі енгізілді. Бұл бастама балалардың демалысы, оқуы және сауықтырылуы үшін бірыңғай талаптарды қалыптастыруға бағытталған. Ұйымдарға түсетін әкімшілік жүктемені азайтып, құжаттарды жыл сайын қайта рәсімдеу қажеттілігін болдырмау мақсатында лицензияның қолданылу мерзімі бес жыл болып белгіленді. Бұл ұйымдар қызметінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, мемлекеттік бақылауды жүйелі жүргізуге мүмкіндік береді. Лицензиялау балаларға көрсетілетін білім беру және сауықтыру қызметтерінің сапасын арттыруға, сондай-ақ қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Жаңа талаптарға сәйкес балалар сауықтыру орталықтары инфрақұрылым, кадрлық қамтамасыз ету, медициналық қызмет көрсету және қауіпсіздік бағыттары бойынша белгіленген стандарттарға сай болуы тиіс.
Қазіргі кезде 192 маусымдық, жыл бойы жұмыс істейтін 18 сауықтыру орталығында және 10 мыңнан астам мектеп жанындағы лагерьлерде 3 млн-нан астам баланы демалыс, бос уақытты ұйымдастыру және сауықтыру шараларымен қамту жоспарланған. Жергілікті атқарушы органдар балаларды сауықтыру орталықтарының тапшылығы мәселесін кезең-кезеңімен шешіп келеді.
Жазғы кезеңде 3 млн-нан астам бала сауықтыру шараларымен қамтылады. Оның ішінде 500 мыңнан астам әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар тегін демалыспен қамтылмақ.
Биыл сауықтыру орталықтарына жіберу кезінде аз қамтылған отбасылардағы балалардың, ерекше күтімді қажет ететін балаларға, сондай-ақ білім саласында түрлі жетістіктерге жеткен балаларға басымдық беріледі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы № 64 Қаулысына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар жергілікті бюджеттерде қосымша қаражат көздерін қарастырады.
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Үкімет отырысында еліміздегі авиация саласын дамыту мәселесі талқыға түсті.
Жиында күн тәртібіндегі мәселе бойынша негізгі баяндама жасаған Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың мәліметінше, Қазақстан ИКАО талаптарына сәйкес келеді. Әуежай қауіпсіздігі - 95,7%, әуе компанияларының қауіпсіздік деңгейі - 82%. Осы нәтижелердің арқасында еліміз авиациялық қауіпсіздік бойынша әлемдегі ең үздік 20 мемлекеттің қатарына кірді.
— Авиация саласының дамуы кадрларды алдын ала даярлауды талап етеді. Қазіргі кезде салада 23 мың адам жұмыс істейді. Жыл сайын 500 маман қажет. Осыған байланысты шетелдік серіктеспен бірге сертификатталған оқу орталығын ашу жоспары қарастырылып жатыр, — деді Нұрлан Сауранбаев.
Ал Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова азаматтық авиация саласы үшін кадр даярлау жұмыстарына тоқталды.
— Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде студенттер контингенті өсіп келеді. 2022 жылы академияда 1 438 студент білім алса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 2 478 адамға жетті. Соңғы төрт жылда өсім 72 пайыздан асты, — деді вице-министр.
Авиациядағы кадрларға сұраныс ескеріліп, соңғы жылдары мемлекеттік гранттар саны айтарлықтай артты. Егер 2022-2023 оқу жылында 180 грант бөлінсе, 2025-2026 оқу жылына 618 грант қарастырылған. Түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші де жоғары. Қазіргі таңда ол 90% (2022 ж. 86%) жетіп отыр. Түлектер әуежайларда, авиакомпанияларда, логистикалық және аэронавигациялық ұйымдарда еңбек етіп жүр.
Отырысты қорытындылаған Премьер-министр Олжас Бектенов жүк тасымалдайтын отандық әуе компаниясының паркіне қатысты тапсырма берді.
— Біз Қазақстанға шетелдік әуе компанияларын әкелу, сондай-ақ транзиттік жүк рейстерінің санын арттыру мақсатында авиаотын бағасын барынша тиімді еттік. Мемлекет басшысы жүк тасымалдайтын отандық әуе компаниясын құруды тапсырды. Бұл жоба қазіргі таңда жүзеге асырылып жатыр. Биыл қазан айында алғашқы жүк борты Қазақстанға жеткізілуге тиіс. Көлік министрлігі осы мәселені ерекше бақылауда ұстасын, — деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ Үкімет басшысы мына мәселелерге назар аудартты:
Біріншіден, Көлік министрлігі осы жылдың соңына дейін Азаматтық авиацияны дамытудың 2050 жылға дейінгі мастер-жоспарын (САМР-2050) бекіту жөнінде шаралар қабылдауы керек. Онда шағын және өңірлік авиацияны, пилотсыз әуе көлігін дамыту, сондай-ақ жаңа баламалы отынды пайдалану мен сақтаудың озық технологияларын енгізу шаралары міндетті түрде көзделуге тиіс;
Екіншіден, Еуропадағы EASA және АҚШ-тағы FAA сияқты әлемдік реттеушілер коммерциялық аэро-такси аппараттарын сертификаттау қағидаларын әзірлеп қойды. Біз де аэро-такси, дрондар мен басқа да ұшу аппараттарының жаңа түрлерін іске қосуға дайын болуымыз керек; Көлік министрлігі биылғы маусым айының соңына дейін қалалық әуе ұтқырлығы (UAM) мәселелері бойынша қажетті заңнамалық түзетулерді қабылдауды қамтамасыз етуі қажет;
Үшіншіден, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Павлодар облыстарының әкімдіктері белгіленген мерзімдерді қатаң сақтай отырып, Катонқарағай, Зайсан, Кендірлі және Арқалық әуежайларын биыл уақтылы пайдалануға беруі, сондай-ақ Павлодардағы әуежайды жаңғырту жұмыстарын аяқтау керек.