Үкімет бүгін егін жинау науқанын талқыға салады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін сағат 10:00-де Үкімет отырысы өтіп, онда егін жинау науқаны барысы талқыланады.

егін науқаны
Фото: Ақорда

Отырыс қорытындысы бойынша өтетін баспасөз конференциясында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев БАҚ өкілдері тарапынан туындаған сауалдарға жауап береді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің 22 қыркүйектегі мәліметтеріне сәйкес, Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың болжамды жинау алаңы 16 млн гектардан асады. Бүгінгі таңда 9,8 млн гектар немесе жалпы егіс алқаптарының 61,1 пайызы жиналды. Нәтижесінде 14,8 млн тонна астық бастырылды. Дәнді дақылдардан бөлек, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 656,1 мың тонна майлы дақыл, гектарына 227,4 центнер өнімділікпен 1,8 млн тонна картоп және гектарына 297,9 центнер өнімділікпен шамамен 2,8 млн тонна көкөніс жинады. Атап айтқанда, 323,9 ц/га өнімділікпен 404 мың тоннадан астам қырыққабат, 412,5 ц/га өнімділікпен 717,3 мың тонна пияз, сондай-ақ 290,4 ц/га өнімділікпен 282,8 мың тонна сәбіз қоймаға түсті.

 Зеренді ауданында аймақ шаруаларымен егін жинау науқанына арналған кеңес
Фото: Ақорда

Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысының Зеренді ауданында аймақ шаруаларымен егін жинау науқанына арналған кеңес өткізген еді. Сол кезде Президент ауыл шаруашылығын дамытуға бюджеттен қомақты қаражат бөлініп жатқанына тоқталды.

– Демек, істеліп жатқан әрбір жұмыстың, әрбір шараның нақты нәтижесі болуға тиіс. Бір сөзбен, ауыл шаруашылығына оң ықпал етуі керек. Мемлекет адал жұмыс істейтін диқандарға әрдайым қолдау көрсетеді. Ауыл шаруашылығының жай-күйі менің ерекше бақылауымда, бұл салаға баса мән беремін. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді біздің халқымыз. Сондықтан бірлесе отырып, осы маңызды науқанды уақытында және табысты аяқтаймыз деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, өткен аптадағы Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары мақұлданды

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, Президенттің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары мынандай 8 бағыт бойынша 87 іс-шарадан тұрады:

  1. инвестициялық саясат және қаржы секторын дамыту;
  2. өнеркәсіптік негізді нығайту;
  3. ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа серпіні;
  4. көлік-логистикалық және туристік әлеуетті іске асыру;
  5. ТКШ және су инфрақұрылымын жаңғырту;
  6. кәсіпкерлік экономиканы дамытудың қозғаушы күші;
  7. адами капиталды дамыту;
  8. парламенттік реформа жүргізу.

- Ұсынылған жалпыұлттық жоспар жобасының іс-шаралары ұлттық экономиканың орнықтылығын арттыруға, экономиканың негізгі салаларын цифрлық және мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және азаматтардың жағдайын арттыруға бағытталған, - деді Серік Жұманғарин.

Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес, цифрлық активтердің толыққанды экожүйесін қалыптастыруды жеделдету үшін Ұлттық банкпен бірлесіп, Мемлекеттік цифрлық активтер қоры құрылады. Геологиялық деректерді толық қамту үшін жасанды интеллекті қолдану арқылы Big Data ақпараттық жүйесін құру қолға алынады. Инвесторлардың құқықтарын қорғау мақсатында Бас прокуратураның Активтерді қайтару комитеті Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті ретінде қайта құрылады. «Банктер туралы» заң қабылданады. 2026 жылы Ұлттық әуе жүк тасымалдаушы компаниясы іске қосылады. 

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТКШ) жүйесін реформалау цифрлық шешімдерді белсенді енгізу, оның ішінде энергия тиімділігін арттыру арқылы іске асырылады.

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің атап өтуінше, жаппай цифрлық трансформация, экономиканы жаңғырту және адам капиталын нығайту арқылы еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз ету қажет. 

Олжас Бектенов провел заседание Совета по улучшению инвестиционного климата
Фото: primeminister.kz

- Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары алға қойылған міндеттерге сай келеді. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары жоспардағы іс-шаралардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуге тиіс. Барлық қаржыландыру мәселесін шұғыл шешу қажет, - деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Үкімет отырысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр өңірлердің жылыту маусымына дайындығына қатысты есеп берді. Оның дерегінше, бірқатар өңір жылыту маусымына дайындық жұмыстарын әлі толық аяқтамаған. Осыған орай, Олжас Бектенов Ақмола, Батыс Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарының әкімдеріне жөндеу жұмыстарының аяқталуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

- Келесі отырысқа дейін аяқтаңыздар. Жұмыстың сапасы басты назарда болуға тиіс. Тапсырма орындалмаса, тиісті шешімдер қабылданады. Бұл – барлық өңірге қатысты мәселе. Жылу беру маусымын уақытылы бастау қажет. Ағымдағы ахуалды келесі Үкімет отырысында қарайтын боламыз, - деп ескертті Премьер-министр.

Мұнан бөлек, отырыста жол қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін пысықталды. Баяндама жасаған Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың дерегінше, жыл басынан бері қайғылы салдарға әкелуі мүмкін жол ережесін бұзу деректері 20%-ға, қарсы қозғалыс жолағына шығу фактілері 16%-ға артқан. Сондай-ақ мас күйінде көлік жүргізген 16,6 мың жүргізуші ұсталған.

Сондай-ақ 2016 жылы полиция өкілдері мемлекеттік және жұмыс комиссиялары құрамынан шығарылғанын, осыдан кейін жол қозғалысын ұйымдастыруда жобалық қателіктер жиі кете бастағанын айтты. 

– Соның салдарынан жолдарда кептеліс көбейіп, жол-көлік оқиғаларының саны артты. Оған қоса, тұрғын үй кешендері мен сауда-ойын-сауық орталықтарын салғанда қажетті автотұрақ орындары қарастырылмайды. Біз полицияны жолдарды қабылдау комиссияларының құрамына қайта қосуды ұсынамыз. Қазір құрылысшылар біздің қабылдау кезінде қатыспайтынымызды біледі, сондықтан жобаның өзіндік құнын төмендету мақсатында қауіпсіздік мәселелерін елемейді, – деді Игорь Лепеха.

 Жол сапасын бақылаудағы жаңа шешім
Фото: Көлік министрлігі

Талқыланған мәселені қорытындылаған Премьер-Министр Олжас Бектенов орталық және жергілікті атқарушы органдарға бірқатар мынадай нақты тапсырма берді:

  • Көлік министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, автомобиль жолдарын салу, күрделі жөндеу және күтіп-ұстау кезінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтуі;
  • құрылыс және жөндеу жұмыстары барысында стандарттардың қатаң сақталуына бақылауды қамтамасыз етуі;
  • барлық қауіпті жол учаскелеріне тексеру жүргізіп, шаралар қолдануы;
  • өңір әкімдіктері күре жолдардың маңында мал жаю мәселесі бойынша төрт түлік иелерімен түсіндіру жұмыстарын қамтамасыз етуі;
  • Цифрландыру министрлігі жолдарды мобильді байланыспен қамту қарқынын жеделдетуі;
  • өңір әкімдіктері Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, елді мекендерде жол ережесін бұзу фактілерін тіркейтін камералар санын арттыруы;
  • республикалық маңызы бар жолдарда аппараттық-бағдарламалық кешендерді, пилотсыз ұшу аппараттарын белсенді пайдалануы;
  • электр мопедтері мен самокаттарды пайдалану барысына бақылауды күшейтуі қажет.
Соңғы жаңалықтар