Үкімет газ саласын дамытуға назар аударады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысы өтеді. Онда Министрлер кабинетінің мүшелері газ саласын дамыту жайын талқыға салады.
Отырыстың күн тәртібіне шығарылған мәселе қаралып болғаннан кейін БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады. Іс-шара барысында Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев, ️«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов және ️«QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Әлібек Жамауов тілшілер тарапынан туындаған сауалдарға жауап береді.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, елімізде 20,5 млн адамның 13,1 миллионы табиғи газға қол жеткізіп отыр. Газдандыру деңгейі республиканың батыс облыстарында, Жамбыл облысында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында 90 пайыздан асады. Ал Алматы, Қызылорда, Түркістан, Қостанай және Жетісу облыстарында бұл көрсеткіш 60-тан 90 пайызға дейінгі аралықты құрайды. Қарағанды, Ақмола және Ұлытау облыстарында бұл көрсеткіш 60 пайыздан төмен.
Өткен жылдың қорытындысында газбен жабдықтау саласында іске асырылған 84 жоба нәтижесінде 94 елді мекеннің 354 мыңнан астам тұрғыны табиғи газға қол жеткізді. Бір жыл ішінде 2 мың шақырым газ тарату желісі салынды. Биыл республикалық бюджеттен газ тасымалдау жүйесін дамытуға бөлінген 27,3 млрд теңге есебінен газдандыру деңгейін 64,3 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. https://kaz.inform.kz/news/kazakstandi-gazdandiru-dengey-64-dan-asti-72cc183f/ Осы арқылы тағы 32 мыңға жуық адам табиғи газға қол жеткізеді.
Таяуда Энергетика министрлігінің газдандыру деңгейін 80 пайызға жеткізу жөніндегі Жол картасын әзірлеуге кіріскені белгілі болды. Әзірленіп жатқан Жол картасы елді газдандыруды жеделдету жөніндегі негізгі стратегиялық құжатқа айналады. Оны іске асыру табиғи газбен қамтылатын халықтың үлесін едәуір арттыруға, Мемлекет басшысы қойған міндеттің орындалуын қамтамасыз етуге, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және өңірлердің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына қосымша серпін беруге мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Үкімет отырысында еліміздің жаңа Конституциясының күшіне енуі аясында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысы пысықталған еді. Іс-шара барысында Премьер-министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жаңа Конституцияны іске асыру аясында Ұлттық архив қоры және архивтер, қоғамдық кеңестер және ақпаратқа қол жеткізу мәселелері бойынша үш заңға өзгерістер енгізілгенін, сонымен қатар Ата заң талаптарына сәйкестендіру үшін тағы 18 заңға түзетулер әзірленіп жатқанын айтты.
Ал Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев 2030 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасын жаңа Конституция талаптарына сәйкес жаңарту жұмысы қолға алынғанына тоқталды.
— Жаңартылған тұжырымдама: құқықтың адамға бағдарланған моделіне және мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне көшуді; цифрлық құқықты, жасанды интеллектіні, ғылым мен инновацияны дамытуды; жаңа буындағы экологиялық құқықты және басқа да маңызды бағыттарды қамтуы тиіс. Құқықтық саясат тұжырымдамасын жаңарту — 2026 жылғы Конституция негізінде Қазақстанның жаңа құқықтық архитектурасын қалыптастыру болып саналады. Әділет министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп жаңа Конституцияны сапалы іске асыру бағытындағы жұмысты жалғастырады, — деді Ерлан Сәрсембаев.
Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин халықтың нақты табысын арттыру Үкімет жұмысының негізгі басымдықтарының бірі болып қала беретініне назар аудартты.
— Қарсы міндеттемелерді орындау арқылы айлық ең төменгі жалақы мөлшерін, азаматтық қызметшілердің жалақысын және жалдамалы жұмыскерлердің табысын арттыру мәселесі қаралатын болады. Сонымен қатар халықтың кредиттік жүктемесі мен тұтынушылық несиелердің өсуіне ерекше назар аударылады, — деді министр.
Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев экономиканың салалары мен мемлекеттік басқару жүйесін цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндады.
— Биыл біз əлемдік деңгейдегі Дата-центрлер алқабын салуды бастадық. Жобаның мақсатты қуаты кемінде 1 гигаватт болады. Негізгі артықшылықтары — қолжетімді электр энергиясы жəне деректерді жоғары жылдамдықпен жеткізу. Қазірдің өзінде шетелдік ірі компаниялармен бірлесе отырып жалпы қуаты кемінде 250 болатын 2 фазада жасанды интеллект дата-центрлерін іске қосу бойынша жұмыстар басталды. 13 маусымда NVIDIA қолдауымен Firebird AI компаниясымен 10 миллиард АҚШ доллары көлемінде келісімге қол қойдық, — деді министр.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес арнайы экономикалық аймақтардың жаңа моделі әзірленді. Жаңа модель инвесторларға қызмет көрсетудің «бір терезе» қағидатын енгізуді көздейді.
— Бұдан бөлек, жеке операторларды тарту және инфрақұрылымды дамыту жоспарланған. Оның ішінде дайын өндірістік ғимараттар салынады. Бұл жаңа өндірістерді іске қосу мерзімін қысқартып, арнайы экономикалық аймақтардың инвестициялық тартымдылығын арттырады. Жалпы алғанда, қабылданған заңнамалық өзгерістер өңдеу өнеркәсібінің тұрақты дамуына оң әсер етеді, — деді Ерсайын Нағаспаев.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстан 2027 жылдың басынан бастап электр энергиясына деген ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп, кейіннен электр энергиясы профицитін қалыптастыруды жоспарлап отырғанына тоқталды.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев стратегиялық көлік дәліздерін, инфрақұрылымдарды дамыту жайында баяндады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Жаңа Конституцияның ережелерін іске асыруда министрлік халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, әлеуметтік қолдаудың атаулылығын арттыру және әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру бойынша басты бағыттарда жұмыс істейтінін атап өтті.
Отырысты қорытындылаған Премьер-министр Олжас Бектенов 2026 жылы инфляция деңгейін 10 пайыздан төмен ұстауды тапсырды. Бұл жұмыстар Ұлттық банкпен үйлестіріле отырып, жүргізілуге тиіс екенін атап өтті.
— Мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына Макроэкономикалық тұрақтандыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын, сондай-ақ инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін сапалы жүзеге асыруды қатаң бақылауға алуды тапсырамын, — деді Премьер-министр.
Сонымен қатар ол Үкімет мүшелерінің алдына биыл ел экономикасына 25,5 млрд доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тарту және негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемін 31,5 трлн теңгеге жеткізу міндетін қойды.
— Осы тұрғыда әрбір министр мен әкімнің алдына инвестициялар тарту бойынша нақты индикаторлар мен міндеттер қойылғанын атап өтемін. Биыл 25,5 млрд доллар шетелдік инвестиция және негізгі капиталға 31,5 трлн теңге инвестиция тартуға тиіспіз. Сыртқы істер министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін аталған бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырамын, — деді Олжас Бектенов.