Үкімет киберқауіпсіздік ережелерін жаңартты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Үкіметінің 2026 жылғы 28 сәуірдегі қаулысымен елдің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар шараға өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
2026 жылғы 12 шілдеден бастап құжаттың атауы «Қазақстан Республикасында киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі кейбір шаралар туралы» қаулы деп өзгертіледі.
Енгізілген өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік құпияларға жататын мәліметтерді өңдеу және сақтау халықаралық (ғаламдық) деректер желілеріне, оның ішінде интернетке, сондай-ақ ғаламдық желілерге шығатын ақпараттық және телекоммуникациялық желілерге қосылмаған есептеу техникасында жүзеге асырылуы тиіс.
Жеке тармақпен бөлінген үй-жайларда мобильді құрылғыларды пайдалану тәртібі нақтыланды. Атап айтқанда, оларды мемлекеттік құпияларды қорғау және киберқауіпсіздік талаптары сақталған жағдайда «Үкіметтің мобильді кеңсесі» жүйесіне қол жеткізу үшін қолдануға рұқсат етіледі.
Сонымен қатар, құпия келіссөздер мен отырыстар кезінде мобильді құрылғыларды өшіру немесе қызметтік үй-жайдан тыс жерге шығару міндеттеледі.
Қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енеді, ал кейбір нормалар 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
Еске салайық, бұған дейін елімізде дербес деректерді қорғау және киберқауіпсіздікке қатысты жаңа тетіктер енгізілетіні хабарланған болатын.