Үкімет қорғаныс шығындарын 120 млрд теңгеге ұлғайтпақ
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат депутатының сауалына берген жауабында Қорғаныс өнеркәсіп кешенін дамыту қорының жарғылық капиталын көбейту туралы бюджеттік өтінім әзірленгенін мәлім етті.

— Қазіргі таңда қордың жарғылық капиталын ұлғайту бағытында жұмыстар істеліп жатыр. Республикалық бюджеттен қаражат бөлу үшін 120 млрд теңге сомасына өтінім дайындалды. Сыртқы инвестицияларды тарту мақсатында бірқатар шетелдік инвестормен (Қытай, БАӘ, Түркия, Катар, Сингапур және т. б.) келіссөздер жүргізіліп жатыр, — деп жазылған жауапта.
Бұл қаражат елдің қорғаныс қабілетін күшейту үшін іріктеп алынған жобаларға бағытталмақ.
— Отандық қорғаныс кәсіпорындарының дамуын қолдау және ынталандыру үшін Қорғаныс өнеркәсіп кешенін дамыту қоры құрылды. Бүгінгі таңда қордың қызметін реттейтін тиісті нормативтік-құқықтық база қабылданып, Қарулы Күштердің артиллериялық оқ-дәрі, зеңбірек, жауынгерлік модуль және т. б. сияқты аса маңызды өнімдерге мұқтаждығын қанағаттандыруға бағытталған бірінші кезектегі жобалар пулы жасалды, — деп жазады Премьер-министр.
Еске салсақ, ақпан айының аяғында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі әскери қызмет және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы мақұлданған болатын.