Үкімет цифрлық активтер нарығын еселеу тетіктерін пысықтамақ

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысы өтеді. Онда Министрлер кабинетінің мүшелері цифрлық активтер саласын дамыту мәселелерін пысықтауды жоспарлап отыр. 

цифрлық активтер
Коллаж: Kazinform / Freepik / ЖИ

Күн тәртібіне шығарылған мәселе қаралып болғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады. Баспасөз мәслихаты барысында Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов, ҰБ Төлем жүйелері және цифрлық қаржы технологиялары департаментінің директоры Ерлан Ашықбеков, АХҚО Қаржы қызметтерін реттеу комитеті Авторизациялау және қаржы технологиялары кеңсесінің басқарушы директоры Еркеғали Еденбаев тілшілер тарапынан туындайтын сауалдарға жауап береді. 

Айта кетерлігі, еліміз цифрлық активтер индустриясын белсенді түрде дамытып, нарық қатысушылары үшін ашық және теңгерімді жағдайлар қалыптастырып жатыр. 2023 жылғы 6 ақпаннан бастап «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» Заң күшіне енді. Бұл Заңға сәйкес цифрлық активтер қамтамасыз етілген және қамтамасыз етілмеген болып жіктеледі.

Қамтамасыз етілген цифрлық актив – қамтамасыз етілген цифрлық активке қойылатын талаптарға сәйкес келетін, қамтамасыз етілген цифрлық активтерді сақтау және айырбастау жөніндегі цифрлық платформа арқылы тіркелген цифрлық актив.

Қамтамасыз етілмеген цифрлық актив – қамтамасыз етілген цифрлық активке қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін цифрлық актив.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қамтамасыз етілген цифрлық активтерді шығаруға және айналысқа рұқсат береді, сондай-ақ қамтамасыз етілген цифрлық активтерді шығару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың мемлекеттік тізілімін жүргізеді.

крипто
Коллаж: Kazinform

Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді шығару және олардың айналымы, сондай-ақ қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер бойынша цифрлық активтер биржаларының қызметі «Астана» халықаралық қаржы орталығының аумағында ғана жүзеге асырылады. Цифрлық активтер биржаларына қойылатын талаптар және оларды АХҚО-да лицензиялау тәртібі АХҚО актілерімен айқындалады. Сондай-ақ АХҚО аумағында цифрлық активтермен қаржылық қызметтерді жүзеге асыруға АХҚО қаржы қызметтерін реттеу комитетінің лицензиясын алған сауда алаңдарында цифрлық активтермен операциялар жасауға рұқсат етілді.

Биыл шілдеде Президент «Қазақстан Республикасында цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжат елдегі цифрлық активтер индустриясын ынталандыруға және кешенді түрде дамытуға бағытталған. Жарлық салалық кешенді жаңғырту үшін бірінші кезектегі және жүйелі маңызы бар шараларды айқындайды. Ол капиталды ел ішінде шоғырландыру, отандық қаржы жүйесін дамыту, ұзақ мерзімді инвестициялар тарту және ұлттық цифрлық әрі есептік инфрақұрылымды нығайту үшін қолайлы құқықтық және экономикалық жағдай жасауға мүмкіндік беріп, Қазақстанға аймақтағы жетекші криптохаб мәртебесін бекітіп алуға жол ашады.

Цифрлық активтерді дәстүрлі қаржы жүйесімен интеграциялау үшін Ұлттық банкке, Үкіметке және басқа да мүдделі мемлекеттік органдарға кешенді әрі нәтижелі шараларды жүзеге асыру тапсырылған. Қазір осы жұмыстар аясында нақты қадамдар, орындалу мерзімдері мен жауапты мемлекеттік құрылымдар айқын көрсетілген криптоиндустрияны дамытудың ортамерзімді жоспары әзірленіп жатыр.

Бұдан бөлек, трансшекаралық есеп айырысулар мен ақша аударымдарын жүргізу үшін стейблкоинді қолдану тетіктерін енгізу, цифрлық активтер нарығында қызмет көрсететін провайдерлердің жұмысын кеңейту шаралары қолға алынады, сондай-ақ токенделген мемлекеттік облигацияларды шығару бойынша жобаларды іске қосу көзделіп отыр.

жұмысшы
Фото: Kazinform

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Үкімет отырысында жұмысшы мамандықтары бойынша кадрлар дайындаудағы жаңа тәсілдер пысықталған еді. Күн тәртібіне шығарылған мәселеге қатысты баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтің мәліметінше, бүгінде елде жұмыс күшінің саны — 9,8 млн адам. Оның жұмыспен қамтылғаны — 9,4 млн, яғни жұмыспен қамту деңгейі — 96%. 2035 жылға дейін экономикаға тағы 2,9 млн кадр қажет болады. Оның ішінде жұмысшы мамандықтар бойынша керек кадрлер саны — 1,8 млн адам.

- Еңбек нарығында жұмысшы кадрларға тұрақты сұраныс байқалып отыр. Электрондық еңбек биржасына орналастырылған бос орындардың жартысынан астамы жұмысшы мамандықтар екенін атап өткім келеді. Негізгі міндет — сұранысты қалыптастыру емес, кадр дайындаудың экономиканың ағымдағы және перспективтік қажеттіліктеріне сәйкестігін қамтамасыз ету, — деді ол.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, сұраныс болмағандықтан 32 мамандықты, оның ішінде 41 жұмысшы біліктілігін алып тастау қарастырылып жатыр. Бүгінде 552 кәсіптік стандарт негізінде 14 494 білім беру бағдарламасы әзірленген. Оның 4 348-і жұмысшы біліктіліктерін қамтиды. Еңбек нарығында пайда болған жаңа қажеттіліктерге сәйкес, ТжКБ мамандықтарының жіктеуішіне 20 жаңа мамандық енгізілді. Осы бағыттар бойынша 243 білім беру бағдарламасы әзірленген. стандарттармен байланыстыруға мүмкіндік береді, – деп толықтырды Ж. Сүлейменова.

Сондай-ақ, 27 колледждің бағдарламалары халықаралық салалық талаптарға сәйкестігі бойынша бағаланды.

– 2027 жылдың соңына дейін тағы 30 колледжді осындай бағалаудан өткізу жоспарланып отыр. Бұл өзгерістер білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының сұранысына және халықаралық салалық стандарттарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді, – деді Оқу-ағарту министрі.

Қазақстан экономикасын мұнай емес, құрылыс пен сауда сүйреп жатыр
Фото: Kazinform/AI

Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың дерегінше, Қазақстанның өнеркәсіп және құрылыс салаларына қазірдің өзінде 36,7 мың кадр қажет. Оның ішінде 16,2 мың маман құрылыс саласына, тағы 14,4 мыңы өңдеу өнеркәсібіне керек.

– Дәл осы салаларда бос жұмыс орындарының саны да көп. Бұл жағдай мәселенің тек жалпы кадр тапшылығында емес екенін көрсетіп отыр. Негізгі мәселе – кадрлардың білімі мен дағдыларының, жұмыс берушілер талаптарына толық сәйкес келмеуі. Сондықтан білім беру тапсырысын ең алдымен кәсіпорындардың нақты сұранысына қарай қалыптастыру қажет, – деді Ерсайын Нағаспаев.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 2025-2040 жылдарға арналған Мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасы аясында кадрларды даярлаудың жаңа тәсілі ұсынылатынына тоқталды. Онда шетелдік мамандарды алмастыратын қазақстандық кадрлар алдын ала анықталып, оларды қажетті бағыттар бойынша даярлау және оқыту көзделген. Сонымен қатар Қазақстан азаматтарының кандидатураларына басымдық беріледі.

- Жер қойнауын пайдалану бойынша өндіруші компаниялардың келісімшарттық міндеттемелері аясында қазақстандық кадрларды оқытуға өндіріс көлемінің 1% қаржыландыру міндеттемелері қарастырылған, - деді Энергетика министрі.

жұмыскер, кәсіпорын
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Отырысты қорытындылаған Премьер-министр Олжас Бектенов сала басшыларына жұмысшы мамандықтары бойынша кадрлар даярлаудағы жаңа тәсілдер жөнінде бірқатар міндет жүктеді.

- Президент ірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандардың құрылысын бастауды тапсырды, яғни еліміз алып құрылыс алаңына айналуы тиіс. Аталған міндет аясында Мемлекет басшысы колледждерді салу мен оларды кешенді түрде жаңғырту тәсілдерін де мақұлдады. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, осы жылдың 1 қарашасына дейін Үкіметке 2027–2030-шы жылдарға арналған Техникалық және кәсіптік білім берудің заманауи инфрақұрылымын дамыту бағдарламасын енгізуді тапсырамын, - деді Премьер-министр.

Мұнан бөлек, Үкімет басшысы кадр тапшылығын еңсеру және білім беру жүйесі мен бизнестің нақты сұраныстары арасындағы алшақтықты жою үшін жұмыс берушілер мен салалық қауымдастықтардың қажеттіліктерін білім беру ұйымдарының мүмкіндіктерімен үйлестіру қажеттігін атап өтті. Осы орайда Оқу-ағарту министрлігіне Еңбек министрлігімен, «Атамекен» ұлттық палатасымен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, әрбір өңірде экономиканың басым салалары бойынша кадрлар даярлау және оларды тәуелсіз сертификаттау жөніндегі салалық кластерлер құруды жүктеді.

- Өңірлердің және жаңа жоғары технологиялық өндірістердің нақты қажеттіліктеріне сәйкес кадрларды барынша тиімді даярлау үшін колледждердегі мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру кезінде қажетті жұмыс орындарының нақты санын айқындау қажет. Ол үшін Еңбек, Оқу-ағарту және Ғылым министрліктері мен өңір әкімдіктері өндірістердегі жұмыс орындарының түрлері мен санын жыл сайын болжау бойынша жүйелі талдау жұмыстарын жолға қоюы қажет. Деректер тұрақты түрде жаңартылып, Еңбек.кз ақпараттық жүйесінде орналастырылуға тиіс, - деді Олжас Бектенов.