Ерсайын Нағаспаев министрліктің қандай мамандарға зәру екенін айтты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның өнеркәсіп және құрылыс салаларына қазірдің өзінде 36,7 мың кадр қажет. Оның ішінде 16,2 мың маман құрылыс саласына, тағы 14,4 мыңы өңдеу өнеркәсібіне керек. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкіметте айтты.
Оның айтуынша, жаңа өндірістердің іске қосылуы, кәсіпорындардың технологиялық жаңаруы және құрылыс көлемінің өсуі жұмысшы кадрларына сұранысты арттырып отыр.
– Бүгінде министрлікке қатысты салалар бойынша 36 700 маман қажет. Оның ішінде ең жоғары қажет ететін мамандықтар құрылыс саласында – 16 200 адам, өңдеу өнеркәсібінде – 14 400 адам, – деді Е. Нағаспаев.
Жұмыспен қамту және бос жұмыс орындарына жүргізген талдау бойынша, кадрларға ең жоғары сұраныс – құрылыс, машина жасау және тау-кен металлургия салаларында байқалған.
– Дәл осы салаларда бос жұмыс орындарының саны да көп. Бұл жағдай мәселенің тек жалпы кадр тапшылығында емес екенін, көрсетіп отыр. Негізгі мәселе – кадрлардың білімі мен дағдыларының, жұмыс берушілер талаптарына толық сәйкес келмеуі. Сондықтан білім беру тапсырысын ең алдымен кәсіпорындардың нақты сұранысына қарай қалыптастыру қажет, – деді Ерсайын Нағаспаев.
Айта кетейік, елімізде 138 мың студент өндірісте тәжірибе жинақтап жүр. Бұл үшін 11,7 мың кәсіпорын колледждермен жұмыс істейді.
Қазақстанның 11 өңірінде жаңа заманауи колледждер салынады.