138 мың студент өндірісте тәжірибе жинайды: 11,7 мың кәсіпорын колледждермен жұмыс істейді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 138,2 мың колледж студенті дуальды оқыту жүйесімен қамтылған. Олар теориялық білімін өндірісте тәжірибемен ұштастырып жүр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында айтты.

жұмысшы
Фото: Үкімет

Оның айтуынша, соңғы үш жылда дуальды оқытумен қамтылған студенттер саны 108 мыңнан 138,2 мыңға дейін өсіп, 7,8 пайызға артты.

– Бүгінгі күні 552 колледж 11 700 кәсіпорынмен бірлесіп, дуальды оқытуды жүргізуде. Өңірлер бойынша жоғары көрсеткіштер Жамбыл облысында (51,5%), Алматы қаласында (39,7%), Алматы облысы (39,2%), Қостанай облысы (37,8%) және Астана қаласында (37,1%) байқалады, – деді Ж. Сүлейменова.

Ал төмен көрсеткіштер – Абай (21,2%), Атырау (21,9%), Батыс Қазақстан (25,0%), Ұлытау (26,0%), Солтүстік Қазақстан облыстарында (28,8%).

Сапалы кадрлар даярлау үшін Қостанай облысында Германияның білім беру орталығымен бірлескен Халықаралық дуалды оқыту орталығы, Қызылорда облысында ең алғаш заманауи Құзыреттілік орталығы ашылған.

Сондай-ақ Қазақстанда 4 126 кәсіпорын 613 колледжбен әріптестік орнатып, болашақ мамандарды даярлауға тікелей қатысып жатыр. Компаниялар оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңартуға, өндірістен мамандар тартуға, студенттердің практикадан өтуіне және түлектерді жұмысқа орналастыруға атсалысады.

Ірі серіктестер қатарында «СарыАрқаАвтопром», «Казхром», ERG, «Казцинк», «Қазақмыс», Еуразиялық энергетикалық корпорация, «Техно-Николь – Казахстан», Altyntau Kokshetau бар.

Бұған дейін Ж. Сүлейменова Қазақстан колледждерінен 32 мамандық алынып тасталуы мүмкін екенін айтқан еді.

Олардың орнына 20 жаңа мамандық пайда болады.

Қазақстанның 11 өңірінде жаңа заманауи колледждер салынады.

Сондай-ақ колледж оқытушылары шетелде біліктілігін арттырады.