Колледждерде 20 жаңа мамандық пайда болады – Жұлдыз Сүлейменова
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне сұранысқа ие жаңа 20 жаңа мамандық енгізілді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында мәлімдеді.
– Еңбек нарығында пайда болған жаңа қажеттіліктерге сәйкес, ТжКБ мамандықтарының жіктеуішіне 20 жаңа мамандық енгізілді. Осы бағыттар бойынша 243 білім беру бағдарламасы әзірленген, – деді министр.
Колледж студенттеріне енді негізгі мамандығымен қатар қосымша кәсіби дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беретін микробіліктіліктер мен Minor бағдарламалары да ұсынылады.
Жұмысшы біліктіліктері бойынша білім беру бағдарламаларына ЖИ құралдарын кәсіби қызметте қолдану дағдылары қамтылады.
– Білім беру бағдарламаларының тізілімі Career Enbek Ұлттық біліктілік жүйесі платформасымен интеграцияланды. Бұл бағдарламалардың мазмұнын кәсіптік стандарттармен байланыстыруға мүмкіндік береді, – деп толықтырды Ж. Сүлейменова.
Сондай-ақ, 27 колледждің бағдарламалары халықаралық салалық талаптарға сәйкестігі бойынша бағаланды.
– 2027 жылдың соңына дейін тағы 30 колледжді осындай бағалаудан өткізу жоспарланып отыр. Бұл өзгерістер білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының сұранысына және халықаралық салалық стандарттарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді, – деді Оқу-ағарту министрі.
Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысының күн тәртібіне жұмысшы мамандықтары бойында кадрлар дайындаудағы жаңа тәсілдер тақырыбы шығарылып отыр.
Бұған дейін Ж. Сүлейменова Қазақстан колледждерінен 32 мамандық алынып тасталуы мүмкін екенін айтқан еді.