Колледж оқытушылары шетелде біліктілігін арттырады – министр
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандағы колледждерде 42,9 мың педагог жұмыс істейді және әлі де 2 мыңнан астам маман жетіспейді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында айтты.
Министрдің айтуынша, колледждерде жұмыс істейтін 42 901 педагогтың 40 мыңнан астамы (95,4%) жоғары білімді.
Олардың басым бөлігін 16 248 арнайы пән оқытушысы, 9 505 жалпы білім беретін пән оқытушысы және 4 880 өндірістік оқыту шебері құрайды.
Колледждердегі кадр тапшылығын азайту үшін өндірісте жұмыс істеген мамандарды білім беру саласына тарту да қолға алынған. Осылайша өндірістен 1 934 маман педагогтік қызметке келген. Дегенмен, ел бойынша колледждерге әлі де 2 093 педагог қажет.
– Педагогтердің кәсіби деңгейін арттыру жұмысы жалғасады. 9 245 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті, 17 487 педагог цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні оқу процесінде қолдану бойынша даярланды, 132 педагог шетелдік тағылымдамадан өтті, – деді Ж. Сүлейменова.
Келесі кезеңде педагогтерді халықаралық әдістемелер (BOPPPS, TBLT) бойынша даярлау, салалық стандарттармен сертификаттау, озық кәсіпорындарда тағылымдамадан өткізу және тәлімгерлік арқылы Hard & Soft skills дағдыларын дамыту жүзеге асырылып жатыр.
– Халықаралық біліктілігін растаған педагогтер үшін аттестаттау рәсімін жеңілдету қарастырылып жатыр, – деді Оқу-ағарту министрі.
Бұған дейін Ж. Сүлейменова Қазақстан колледждерінен 32 мамандық алынып тасталуы мүмкін екенін айтқан еді.
Олардың орнына 20 жаңа мамандық пайда болады.
Ал 2035 жылы 1,8 млн жұмысшы маманға сұраныс болады.