Украина төңірегінде басталған келіссөз оң нәтиже береді деп үміттенеміз — Шавкат Мирзиёев

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Әлемнің түрлі аймағында болып жатқан қақтығыстар жаһандық және аймақтық бейбітшілік пен қауіпсіздікке үлкен қатер төндіреді. Бұл туралы Парламентаралық одақтың мерейтойлық ассамблеясында сөз сөйлеген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Шавкат Мирзиёев
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Бүгін Өзбекстан астанасында Парламентаралық одақтың 150-ші ассамблеясы өтті. Оның барысында сөз сөйлеген президент Шавкат Мирзиёев әлемдегі геосаяси жағдай мен шиеленістерге тоқталды.

— Өзбекстан кез-келген қақтығыс пен шиеленісті тек бейбіт келіссөз арқылы шешу принципін қолдайды. Украина төңірегіндегі жағдайға қатысты басталған келіссөздер оң нәтиже береді деп үміттенеміз. Біз ең өткір мәселелердің шешімін БҰҰ Жарғысы мен қарарлары негізінде табу маңызды деп санаймыз. Сонымен, Палестина-Израиль қақтығысының жалғыз және әділ шешімі — «екі халық үшін екі мемлекет» қағидатын ұстану және оны іске асыру, — деді Ш. Мирзиёев.

Бұған қоса Өзбекстан басшысы Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандырудың маңыздылығын атап өтті.

— Көршіміз Ауғанстанды да ұмыт қалдырмауымыз керек. Бұл елдің халықаралық аренадан оқшаулануына жол бермей, қазіргі билікпен сындарлы диалог орнатып, Ауғанстанды Орталық Азия аймағының ажырамас бөлігі ретінде қарастыру маңызды деп санаймыз, — дейді Шавкат Мирзиёев.

Еске салайық, таяуда «Орталық Азия — Еуропа Одағы» саммитіне қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Украинаға қатысты келіссөздерге тоқталған еді. Ол жолы Мемлекет басшысы шиеленістің оң шешімін табатынына сенім білдірді.

Соңғы жаңалықтар