Украинадағы қақтығысты реттеу: Тоқаев пен Путин не туралы сөйлесті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің телефон арқылы не туралы сөйлескені жөнінде мәлімет берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Президенттің баспасөз хатшысының айтуынша, әңгіме Ресей тарапының бастамасымен өткен.
– Келіссөздер достық әрі сенімді сипатта өтті. Негізгі назар Украинадағы қақтығысты реттеуге бағытталды. Владимир Путин АҚШ Президентінің арнайы өкілімен өткізілген келіссөздердің нәтижелері жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Қасым-Жомарт Тоқаев қол жеткізілген алдын ала уағдаластықтарды құптап, Қазақстанның соғыс қимылдарын тоқтатуға бағытталған бейбіт жолды іздеуді әрқашан қолдап келе жатқанын атап өтті, - деді Руслан Желдібай.
Сонымен қатар Мемлекет басшылары қазақ-ресей қарым-қатынасына қатысты екіжақты күн тәртібіндегі мәселелерді де талқылады.
– Қазақстан Президенті биыл қараша айында жоспарланған Мәскеуге мемлекеттік сапарға айрықша мән беретінін атап өтті. Бұл сапардың басты мақсаты – стратегиялық әріптестік пен одақтастық рухындағы жан-жақты ынтымақтастықты тереңдету, - деп атап өтті Президенттің баспасөз хатшысы.
Бұған дейін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескенін жазғанбыз.