ҰҚШҰ қызметі ешқашан үшінші елдерге қарсы бағытталмаған - Ресей Президенті
АСТАНА. KAZINFORM — Ресей Президенті Владимир Путин Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында халықаралық ақпарат агенттіктері басшыларымен кездесу барысында өңірлік қауіпсіздік мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

— Біз ҰҚШҰ секілді қорғаныс ұйымының мүшесіміз. Бұл құрылым аясында қорғаныс министрліктеріміз тұрақты әрі өте тиімді жұмыс істеп келеді. Айта кететін жайт — бұл қызмет ешқашан және қазіргі таңда да үшінші мемлекеттерге қарсы бағытталған емес. Мұндағы мақсат – тек біздің жауапкершілік аймағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, — деді Владимир Путин.
Ресей басшысы Ауғанстандағы ахуалға да жеке тоқталды.
— Бізді алаңдататын бірқатар факторлар бар, соның ішінде Ауғанстандағы жағдай да. Қазақстанмен тікелей шекара жоқ болғанымен, кейбір өзге елдерде бар. Бұрынғы жылдары сол аумақтарда түрлі топтардың кіріп кеткен жағдайлары тіркелгенін білеміз, — деді Ресей Президенті.
Айта кетейік, осы жиында Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымының 95%-ға жуығы ұлттық валюталармен жүзеге асырылатыны айтылды.
Бұған дейін Владимир Путин Иран мен Израиль арасындағы жанжалды шешудің жолы туралы айтты.
Сондай-ақ Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуда ешқандай қиындық жоқ екенін жеткізді.