ҰҚШҰ мүшелерін ортақ қауіптер ғана емес, олармен күрестегі ортақ көзқарастар біріктіреді - Нұрсұлтан Назарбаев
МӘСКЕУ. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - Ұйым мүшелеріне қауіп төніп, жағдай шиеленісе түспеуі үшін ҰҚШҰ-ның әскери құрамдасын нығайтуды қамтамасыз ету қажет. Бұл туралы Мәскеуде ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
Мемлекет басшысы атап өткендей, ҰҚШҰ мүше-мемлекеттері басшыларының кездесуі барысында әскери ынтымақтастыққа баса назар аударылды, бұл 2012 жылы Ұйымға Қазақстан төрағалығының басты тақырыбы болған еді.
Н.Назарбаев Қазақстан белгілеген басымдықтарды қолдағаны және оған белсенді қатысқаны үшін ҰҚШҰ бес қатысушы-елдері көшбасшыларына алғыс айтты. Ұйымның ерекше көңіл бөліп отырған саласы Орталық Азиядағы жағдай екені атап өтілді. Осыған байланысты орталықазиялық бағытта есірткі ағынымен күрестің, Жедел әрекет ету ұжымдық күштерін жетілдіруді нығайтудың, Әуе шабуылынан қорғанудың ұжымдық ортақ жүйесін жасаудың бірлескен жоспары жүзеге асырылуда.
Президент сондай-ақ шағын құрамда Ауғанстандағы жағдаймен байланысты қауіпсіздікке қатерлер талқыланғанын атап өтті. «Біздің Ұйым базасында төтенше жағдайларға ұжымдық әрекет ету жүйесінің ашылуы маңызды деп санаймын. Қазақстанның «Шыңды қала - Астана» оқу полигонын ұсынғаны атап өтілді», - деді Мемлекет басшысы.
Н.Назарбаевтың атап өтуінше, ҰҚШҰ-ның қатысушыларын тек жалпы қауіптер ғана емес, олармен күрестегі жалпы көзқарастар да біріктіреді. «Біз кез келген күрделі мәселелерді шешуде халықаралық құқық басымдығы мен егемендікті сөзсіз құрметтеуді және ұйымның барлық мүшелерінің мүдделерін есепке алуды жақтаймыз. Біз БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдардағы жұмысымыздың үйлестірілуін жалғастырамыз», - деді Мемлекет басшысы.
Н.Назарбаев ҰҚШҰ елдерінің алдында жақын болашақта шешілуі тиіс тағы көптеген міндеттердің бар екенін атап өтті. Олардың арасында «жағдайдың ушығуы және Ұйым мүшелері үшін қауіп төнген кезде нағыз әскери күштерді құру» үшін Ұжымдық жедел әрекет ету жүйесінің әскери құрамдасын нығайту міндеті де бар.