Ұлан-Батыр Қазақстанды сауда-экономикалық және көлік-тасымал саласында ынтымақтастықты жандандыруға шақырды

БЕЙЖІҢ. 29 қазан. ҚазАқпарат - Моңғолияның саясаткерлері Қазақстанды сауда-экономикалық және көлік-тасымалы саласында екіжақты ынтымақтастықты жандандыруға шақырды.

Ұлан-Батыр Қазақстанды сауда-экономикалық және көлік-тасымал саласында ынтымақтастықты жандандыруға шақырды

Қазақстан мен Моңғолия парламенттік топтарының кездесуі қорытындысы бойынша Моңғолияның бірінші президенті Пунсалмагийн Очирбат осындай мәлімдеме жасады.

Моңғолия Парламентінің спикері З.Энхболдың шақыруы бойынша Қазақстан-Моңғол парламенттік тобының жетекшісі, депутат Шавкат Өтемісов бастаған қазақстандық делегация Ұлан-Батырда болды.

Моңғолия астанасында Қазақстанның парламенттік делегациясының басшысы мен мүшелері моңғолиялық әріптестерімен кездесу өткізді.

Депутат Ш.Өтемісов Қазақстанның тиімді әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы, ҚР Парламентінің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Жолдауын жүзеге асырудағы қызметі, сонымен бірге Астанада өтетін «ЭКСПО-2017»-ге дайындық барысы жайлы айтып берді.

Өз кезегінде Моңғолия Парламентінің спикері З.Энхболд парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту қажеттігін айтып, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулинді еліне ресми сапармен келуге шақырды.

Ұлан-Батырға жасалған сапар барысында Қазақстан мен Моңғолия Республикаларының арасындағы ынтымақтастық пен достық қарым-қатынас туралы келісімнің 20 жылдығына орайластырылған «дөңгелек үстел» өтті.

Екі жақты кездесу қорытындысы бойынша парламентаралық ынтымақтастықты жандандыру бойынша келісімге қол жеткізілді.