Ұлан-Батырда Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне арналған ғылыми-практикалық конференция болып өтті
АНА. Қыркүйектің 28-і. ҚазАқпарат. Монғолияның Сыртқы істер және сауда министрлігінде Қазақстан Республикасының Монғолиядағы Елшілігі жуырда Қазақстанның Монғолиядағы мәдениет Орталығымен бірлесе отырып Қазақстан Республикасының 2010 жылы Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық етуіне арналған ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырып,
оның барысында «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасының таныстырылымын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстанның Моңғолиядағы Елшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Монғолияның Сыртқы істер және сауда министрлігінің (СІСМ), Ғылым академиясының, жоғарғы оқу орындарының, Ұлан-Батырда тіркелген дипломатиялық корпус, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар, танымал саясаткерлер қатысты.
Конференция "Еуропаға жол" мемлекеттік бағдарламасының мақсаты мен міндеттерін жүзеге асыру жөнінде, қазіргі Қазақстанның қоғамдық-саяси құрылысы саласындағы, демократиялық дамуы бағытындағы бүгінгі жетістіктерімен монғол халқын таныстыру мақсатын көздеді.
Баяндамашылар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, әскери, саяси-гуманитарлық өлшемдер бойынша ерекше серпінді дамып келе жатқанын қадап айтты. Монғолияның СІСМ-нің Еуропа департаментінің директоры өз баяндамасында Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезіндегі екі бауырлас ел арасындағы байланыстарды нығайту жолында туындайтын жаңа мүмкіншіліктер Қазақстан-Монғолия қарым-қатынастарын одан ары нығайтады деп хабарлады.
Конференцияға қатысушылар алдында Қазақстан Республикасының 2010-2020 жж. құқықтық саясаты Тұжырымдамасының негізгі қағидалары туралы түсініктемелер беріліп, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың осы жылғы Жолдауының кейбір ережелері талқыланды.
Монғол тіліне аударылған Бағдарлама тыңдармандар арасында таратылды. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары Конференцияға қатысушылардан сұхбаттар алып, кеңінен жария етті.