Үлгілі жүргізуші: қарағандылық әйел 30 жылда бірде-бір рет жол ережесін бұзбаған
АСТАНА. KAZINFORM — Қарағандыда әйел жүргізуші 30 жыл бойы жол қозғалысы ережелерін бірде-бір рет бұзбаған. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті хабарлады.
Қарағанды облысында жол қозғалысы мәдениетін арттыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған «Үлгілі жүргізуші» акциясы жалғасып жатыр. Жол-патрульдік полиция қызметкерлері ЖҚЕ-ні бұлжытпай орындайтын автокөлік жүргізушілерін тоқтатып, оларға алғыс білдіріп жатыр.
Осындай жүргізушілердің бірі — 30 жылға жуық еңбек өтілі бар Светлана Швачкина. Осы уақыт аралығында ол бірде-бір рет әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған және жол-көлік оқиғасына ұшырамаған.
— Мен автокөлікті шамамен 30 жылдан бері жүргізіп келемін және осы уақыттың ішінде бірде-бір рет ереже бұзған емеспін. Жүргізу мен үшін қажеттілікке айналды, ал бүгінде өз білімімді балалармен бөлісіп жүрмін. № 95 гимназияда «Сирена» атты жас жол инспекторлары үйірмесін басқарамын, онда оқушыларға жол қауіпсіздігінің негіздерін үйретемін. Жолда дұрыс мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруды ерте жастан бастау қажет деп санаймын, — деді Светлана Швачкина.
Полиция мәліметінше, акция аясында ереже бұзбаған жүзге жуық жүргізушіге алғыс хат пен естелік сыйлық табысталған.
— Бұл іс-шара «Қауіпсіз жол» атты республикалық акция шеңберінде өткізіліп жатыр. Басты мақсатымыз — жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жүргізушілер арасында ережелерді сақтау мәдениетін насихаттау, — дейді әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Татьяна Малиновская.
Кездесу соңында Светлана Швачкина жол қозғалысына қатысушыларға үндеу жасады.
— Барлық жүргізушілерді ережелерді сақтауға, жылдамдықты асырмауға және қарсы жолаққа шықпауға шақырамын. Жолдағы қауіпсіздік әрқайсымызға байланысты, — деді ол.
Еске сала кетейік, Қарағанды облысындағы трассаларда ең қауіпті жеті учаске анықталды.
Оған дейін аталған облыста құқық бұзушылықтардың алдын алатын QR-код жобасы іске қосылғанын жаздық.