Ұлы Мысыр музейі: Тутанхамонның барлық қазынасы көпшілік назарына ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM —  Ежелгі дүниенің бүгінге дейін аман-есен жалғыз сақталған жеті кереметінің бірі Хеопс пирамидасының маңынан бой көтерген Ұлы Мысыр музейі келушілерге өз есігін ашты. Бұл туралы ВВС жазды.

Ұлы Мысыр музейі
Фото: Синьхуа

500 мың шаршы метр аумаққа орналасқан музейдің көлемі Луврдан екі есе үлкен. Мұнда 70-тен 100 мыңға дейін экспонат қойылған, оның ішінде бұрын ешқашан көрсетілмеген жас перғауын Тутанхамонның қабірінен алынған қазыналар да бар.

2002 жылы жарияланып, 2012 жылы ашылады деп жоспарланған музей құрылысы шығындардың өсуі, саяси толқулар, ковид пандемиясы және аймақтық қақтығыстарға байланысты көп кедергіге тап болды.

Ауқымды жобаның құны шамамен 1,2 млрд долларды құрады, бұл соманың басым бөлігі Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігі (JICA) несиелері есебінен қаржыландырылды.

Музейді Египет премьер-министрі Мустафа Мадбули «әлемге берілген сый» деп атады. Ол Мысыр мәдениетінің маңызын, ықпалын айқындауды және қиындыққа тап болған экономиканы қолдауды көздейді.

«Ежелгі Мысыр барлығын таңғалдырады», — дейді Каир университетінің профессоры Салима Икрам.

Музейдің ашылған күні мемлекеттік мереке болып жарияланды, оған ондаған әлем көшбасшысы шақырылды.

Тутанхамон адамдардың жүрегін 1922 жылы британдық мысыртанушы Говард Картер оның қабірін Патшалар алқабында алғаш ашқалы бері баурап келеді.

Енді, әлемнің түрлі қалаларында ондаған жылдар бойы көрмеге қойылғаннан кейін, оның алтын маскасы, тағы және онымен бірге жерленген 5 мыңнан астам қазына (олардың көпшілігі ешқашан көпшілікке көрсетілмеген) алғаш рет толық көлемінде ұсынылады.

«Тутанхамон қабірінен табылған барлық жәдігерді бір жерде жинау — бұл шынымен керемет әсерлі болды», — дейді профессор Икрам.

Еске сала кетсек, бұған дейін Мысырда 20 жыл бойы салынған 1 миллиард долларлық музей ашылғалы жатқанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар