Ұлыбритания 14 жылдан кейін Сириямен дипломатиялық қатынастарды қайта орнатты

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлыбритания Сириямен дипломатиялық қарым-қатынасын 14 жылдан кейін қайта қалпына келтірді, деп хабарлайды Анадолы

Ұлыбритания 14 жылдан кейін Сириямен дипломатиялық қатынастарды қайта орнатты
Фото: Анадолы

Сыртқы істер министрі Дэвид Лэмми Сирияға ресми сапармен барды. Бұл сапар Сирияда Асад режимі құлағаннан кейін, желтоқсан айында жүзеге асты. Дамаскіде Лэммиді Сирия президенті Ахмед аш-Шара қабылдады.

Кездесуге Сирияның сыртқы істер министрі Ассад Хасан Шайбани де қатысты. Сұхбат барысында Дэвид Лэмми Ұлыбританияның Сирияда қауіпсіз әрі өркендеген қоғам құруға қолдау білдіретінін айтып, елдегі өтпелі кезең инклюзивті болуы қажет екенін жеткізді.

Министр тұрақты Сирияның Ұлыбритания үшін де маңызды екенін атап өтіп:

— Біз ДАИШ-тың толық жойылғанына көз жеткізгіміз келеді, сондай-ақ сириялықтардың адам саудагерлерінің құрбанына айналуына жол бермеуіміз керек, — деді.

«Сириялықтардың қол жеткізген прогресін өз көзіммен көрдім»

Ұлыбритания сыртқы істер министрі сондай-ақ елдегі гуманитарлық мәселелермен айналысатын «Ақ каскалар» өкілдерімен кездесті.

Лэмми бұл жылы Лондон Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымға 2 миллион фунт стерлинг (шамамен 110 миллион лир) көлемінде көмек көрсететінін мәлімдеді. Бұл қаражат Асад режимінен қалған химиялық қаруды жоюға бағытталады. Сонымен қатар министр әйелдер еңбек ететін өндіріс орындарына барды.

Мәлімдемеде Ұлыбритания Сириядағы коммерциялық және гуманитарлық қызметтерге 94,5 миллион фунт стерлинг (шамамен 5,1 миллиард теңге) бөлетіні айтылған.

— Асад режимі құлағаннан кейінгі министрлік деңгейіндегі алғашқы сапарымыз кезінде мен сириялықтардың өз өмірі мен елін қалпына келтірудегі орасан жетістіктерін өз көзіммен көрдім, — деді Лэмми.

Ол Сириямен дипломатиялық қатынастарды қайта орнату Ұлыбританияның ұлттық мүдделеріне сай келетінін атап өтті.

— Біздің мүддеміз — жаңа үкіметті қолдау, барлық сириялық үшін тұрақты, қауіпсіз және гүлденген Сирия құруға көмектесу, — деді ол.

Айта кетелік Трамп АҚШ-тың Сирияға қарсы санкцияларын алып тастан еді

Соңғы жаңалықтар