Ұлыбритания, Франция, Германия және Польша басшылары 10 мамырда Киевке барады
АСТАНА. KAZINFORM – Украинаның еуропалық одақтастарының төрт басшысы – Франция президенті Эмманюэль Макрон, ГФР канцлері Фридрих Мерц, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер және Польша премьер-министрі Дональд Туск 10 мамыр, сенбі күні Киевке барады, деп хабарлайды ВВС.

Олар Украина президенті Владимир Зеленскиймен келіссөз жүргізіп, Ресейді атысты 30 күнге тоқтатуға келісуге шақырмақ.
Макрон «төрттіктің» бірлескен суретін жариялап, оған француз, ағылшын, неміс және поляк тілдерінде: «Біз Киевке жолға шықтық. Украина үшін, Еуропа үшін» деген жазба қалдырды.
Сапар қарсаңында Киевтің еуропалық одақтастарының басшылары Мәскеуді «атысты 30 күнге толық және сөзсіз тоқтатуға» шақырды. АҚШ президенті Дональд Трамп Зеленскиймен сөйлескеннен кейін 8 мамырда АҚШ Ресейден 30 атысты 30 күнге тоқтатуды талап ететінін мәлімдеді.
Бір күн бұрын Reuters агенттігі дипломатиялық дереккөзге сілтеме жасай отырып АҚШ пен еуропалық одақтастар Мәскеуге Украинадағы атысты 30 күнге тоқтату туралы ұсынысын аяқтап жатқанын, ал егер Ресей одан бас тартса, ЕО мен АҚШ-тың жаңа санкцияларына тап болатынын хабарлады.
Бұған дейін Германияның жаңа канцлері Фридрих Мерц атысты тоқтату туралы келісім алдағы екі күн ішінде шешілуі мүмкін екенін мәлімдеді.