Ұлыбритания королі інісін барлық атағы мен резиденциясынан айырды

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбританияның королі Чарльз III өзінің туған інісі, Джеффри Эпштейн ісімен байланысы бар деп айыпталған ханзада Эндрюді барлық атақтары мен артықшылықтарынан айырды, деп хабарлайды BBC.

Ұлыбритания королі інісі Эндрю ханзаданы барлық атағы мен резиденциясынан айырды
Фото: wikimedia / Katie Chan

Басылымның мәліметінше, бұл шешім туралы ресми ақпарат Букингем сарайының мәлімдемесінде жарияланған.

— Бүгін Ұлы мәртебелі патша ханзада Эндрюдің барлық әскери және ақсүйектік атақтары мен құрметті лауазымдарынан айыру рәсімін ресми түрде бастады. Енді ол Эндрю Маунтбеттен Виндзор деген есіммен ғана белгілі болады, — делінген мәлімдемеде.

Бұған дейін Эндрюдің Ройал-Лодждағы резиденциясын жалға алу шарты оған сол жерде тұруға заңды құқық беріп келген. Алайда келісімшарттың бұзылғаны туралы ресми хабарлама бар, енді ол басқа жеке үйге көшпек.

Сонымен қатар король Чарльз III өз мәлімдемесінде: «Ол өз ойлары мен шынайы жанашырлығы әрқашан зорлық-зомбылық құрбандарына және аман қалғандарға бағытталғанын және солай болып қала беретінін атап өтті», деп жазды BBC.

Бұған дейін Эпштейн ісі бойынша жарияланған соңғы құжаттарда Илон Маск пен ханзада Эндрюдің есімдері аталған еді. Кейінірек Эндрю ханзада марқұм Елизавета II патшайым сыйлаған атақтарынан өз еркімен бас тартатынын мәлімдеген. Соңғы күндері Ұлыбритания монархы Чарльз III де інісімен байланысты дауға байланысты жұрт тарапынан сын мен наразылыққа ұшыраған еді.

Еске сала кетсек, Ұлыбританияның АҚШ-тағы елшісі Эпштейнмен байланысы үшін қызметінен кеткен.

Бұдан бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп The Wall Street Journal басылымын сотқа беремін деп қорқытып, Эпштейн ісінің кейбір материалдарын жариялауды талап еткенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар