Ұлыбритания мен Еуроодақ қорғаныс пактіне қол қойды

АСТАНА.KAZINFORM — Ұлыбритания мен Еуроодақ қорғаныс және қауіпсіздік саласында ынтымақтастық орнатуға келісті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі. 

Ұлыбритания мен Еуроодақ қорғаныс пактіне қол қойды
Фото: x.com/EUCouncilPress

«Еуроодақ пен Ұлыбритания қауіпсіздігі және қорғаныс серіктестігі» деген атауға ие боған қорғаныс пактісі жалпыеуропалық қауіпсіздікті, соның ішінде теңіз және ғарыш қауіпсіздігін, гибридті қауіптерге қарсы тұруды, маңызды инфрақұрылымды қорғауды, заңсыз көші-қонмен, қаржылық қылмыспен және үшінші елдердегі сыбайлас жемқорлықпен күресуді көздейді. Әріптестік бірлескен жобалар мен қорғаныс өнеркәсібіне инвестиция салуды кеңейтуге де жағдай жасайды.

Сонымен қатар, ЕО-ның Сыртқы істер жөніндегі Жоғарғы өкілі мен Ұлыбританияның Сыртқы істер және қорғаныс министрлері арасында жарты жыл сайын тұрақты консультациялар өткізіліп тұрады. Қажет болған жағдайда тараптар бір-бірін жоғары деңгейлі кездесулерге шақырады.

— Ұлыбритания мен ЕО Ресей мен Украина, Қара теңізді, Батыс Балқанды, Арктиканы, Таяу Шығысты, Африканы, атап айтқанда, Африка мүйізі мен Сахель және Үнді-Тынық мұхиты сияқты кең Шығыс Еуропалық көршілес аумақтар сияқты басқа басым аймақтарда одан әрі әрекеттесу және ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерттейді. Ортақ мақсаттарды қолдау үшін ЕО мен Ұлыбритания санкциялық саясат бойынша ынтымақтастықты жалғастырады, — делінген дүйсенбі күні Лондонда өтіп жатқан Ұлыбритания мен ЕО саммитінде мақұлданған құжатта.

Сондай-ақ құжатта Еуропалық Одақтың сыртқы саясат қызметі мен Ұлыбританияның тиісті департаменттерінің қатысуымен қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері бойынша жыл сайынғы диалог өткізу қарастырылған. Сонымен қатар, киберқауіптер, лаңкестікпен күрес және қару-жарақты бақылау мәселелері бойынша тақырыптық консультациялар жоспарланған.

Құжат ЕО миссиялары мен үшінші елдердегі Ұлыбритания елшіліктері арасындағы әріптестік ережелерін жүзеге асыруға қатысты мәселелер бойынша іс-қимылдарды үйлестіруді көздейді.

— Ұлыбритания мен ЕО ынтымақтастықты нығайтады және көпжақты мәселелер бойынша, соның ішінде БҰҰ, ЕҚЫҰ және Еуропа Кеңесіне қатысты тақырыптарды қоса алғанда, үшінші елдерде демократияны, заң үстемдігін және адам құқықтарын ілгерілету мақсатында тұрақты консультациялар өткізеді — делінген құжатта.

Бұған дейін АҚШ пен Иран арасындағы ядролық келіссөздер сәтсіз аяқталуы мүмкін екені хабарлаған болатын.

Соңғы жаңалықтар