Ұлыбританияда интернет арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттері екі есеге өскен

интернет
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM - Ұлыбританияда өткен жылы алаяқтық оқиғаларының саны екі есеге жуық артқан. Аудиторлық компаниялардың зерттеулеріне сәйкес, жеке және заңды тұлғалар 2,3 миллиард фунтынан айырылып, сан соғып қалған. Бұл соңғы жиырма жылдағы ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды Kazinform-ның осы елдегі меншікті тілшісі Ғалымжан Қараманұлы.

Кибералаяқтардың арбауына түскендер көп. Қылмыскерлер банк немесе салықтанбыз деп хабарласып, халықтың ақшасын қағып алған.

Мамандарының мәліметтерінше, алаяқтықтың 70 пайызы әлеуметтік желілерде, онлайн-дүкендерде және танысуға арналған қосымшаларда жүзеге асады. Алаяқтық оқиғалары Лондонда және Англияның оңтүстік-шығысында жиі тіркеледі. Бірнеше атышулы істің нәтижесінде қылмыскерлер қолды қылған жалпы сома өткен жылмен салыстырғанда 170 пайызға өсіп отыр.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай жағдайлар алдағы жылы көбеймесе азаймақ емес. Өйткені алаяқтар жасанды интеллекттің көмегімен ақша жымқырудың жаңа тәсілдерін меңгеріп жатыр.

 

Соңғы жаңалықтар