Ұлытау облысы мектептерінде тыйым салынған контентке қолжетімділік шектелді
ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM – Ұлытау облысындағы бірқатар білім беру мекемесінде оқушылардың тыйым салынған интернет-ресурстарға еркін кіре алғаны анықталды, деп хабарлайды Ұлытау облысының прокуратурасы.
Жүргізілген талдау барысында «Білім туралы» Заңның 43-бабы талаптарының қаладағы бірқатар жалпы білім беру ұйымдарында өрескел бұзылғаны анықталған.
– Белгіленген нормаларға қарамастан, 13 мектепте кәмелетке толмағандарды олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттерге, соның ішінде суицид пен зорлық-зомбылыққа итермелейтін материалдарды қамтитын тыйым салынған интернет-ресурстарға еркін қолжетімділік болған (заңның 43-бабы, 11-тармақшасы) – білім алушылардың, тәрбиеленушілердің денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпаратқа қолжетімділікті шектеуге арналған байланыс операторларының қызметтері арқылы интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету талаптары), – делінген облыстық прокуратура хабарламасында.
Осылайша Сәтбаев қаласы прокуратурасының қадағалау актілері бойынша 13 білім беру ұйымының басшылары әкімшілік жауаптылыққа тартылып, ӘҚБтК-нің 409-бабы, 7-2-тармағына сәйкес әрқайсысына 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған.
Сонымен қатар прокуратура ұсынуы негізінде аталған мекемелерде тыйым салынған интернет-ресурстарға қолжетімділік шектелді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 12 мыңнан астам баланың құқықтары қорғалды.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлытау облысында темір кен орнын заңсыз сатқан кәсіпкер сотталғанын жаздық.