Ұлытау облысында 31 желтоқсан күні жоғалып кеткен екі ер адам табылды

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM — Ұлытау ауданы аумағында жоғалып кеткен екі ер адамды іздеу-құтқару жұмыстары сәтті аяқталды.

Ұлытау облысы Ұлытау ауданы аумағында жоғалып кеткен екі ер адамды іздеу-құтқару жұмыстары сәтті аяқталды.
Фото: ТЖМ

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 31 желтоқсан күні күндіз 1957 және 1959 жылы туған азаматтар «Амантай» шаруа қожалығынан Ұлытау ауданына қарасты «Базыл» қыстағы бағытына трактормен жолға шыққан. Жол барысында техниканың отыны таусылып, олар жаяу қозғалысты әртүрлі бағытта жалғастырып, адасып кеткен.

- Іздеу-құтқару жұмыстарына ТЖМ бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметінің күштері тартылды. Операция кезінде арнайы техника, жеке құрам және ұшқышсыз ұшу аппараттары пайдаланылды, - деп хабарлады ведомстводан.

Алғашқы азамат 1 қаңтар күні «Жомарт» кенішінен батыс бағытта шамамен 7 шақырым қашықтықта табылды. Оның жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып, медициналық көмек қажет болмаған.

Екінші ер адам 2 қаңтар күні «Жомарт» кенішінің маңындағы геологтарға өз бетінше жеткен. Кейін құтқарушылар оны «Базыл» қыстағына жеткізді. Оның да жағдайы қанағаттанарлық.

Айта кетейік, Атырау облысында төрт тұрғын іздестіріліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар