Ұлытау облысында тағы екі ведомство басшысы тағайындалды
ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM — Ұлытау облысында жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы мен Қазынашылық департаментінің бастығы тағайындалды.

Қазынашылық департаментінің бастығы лауазымын Әділбек Есқараев атқаратын болды.

Әділбек Тайжанұлы Есқараев 1972 жылы дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін «Бухгалтерлік есеп және аудиторлік» және Болашақ университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
1994-2008 жылдар аралығында Қызылорда облыстық салық инспекциясында және қазынашылық басқармасында қызмет атқарды.
2008 жылдан бастап Қызылорда облысы бойынша Қазынашылық департаменті басшының орынбасары болды.
Сонымен қатар, Ұлытау облысында Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болып Құрмет Саттыбаев тағайындалды.

Құрмет Есмұратұлы Саттыбаев 1993 жылы дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік медицина университетін «Қоғамдық денсаулық сақтау» және Алматы экономика және статистика академиясын «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2014 жылы Қарағанды қаласындағы «Еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар ұлттық орталығы» республикалық мекемесінде зерттеуші болып бастады.
2015-2017 жылдары Қарағанды облыстық жедел медициналық жәрдем станциясында бөлім меңгерушісі.
2017-2020 жылдары Ақмола облысы бойынша Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Департаментінде жауапты қызметтер атқарды.
2020-2022 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде бас сарапшы болды.
Аталған лауазымға тағайындалмас бұрын басқарма басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.
Осыған дейін Ұлытау облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасына Марат Айдашев тағайындалғаны жайлы жазған болатынбыз.