Ұлытау облысында прокурорлардың араласуынан кейін инвесторға 55 млн теңге қайтарылды

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM – Ұлытау облысы Сәтбаев қаласының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп, жел электр станциясын салу жобасын жүзеге асырып жатқан «Mezgilder Qushteri» ЖШС-нің құқықтарын қорғады. Бұл туралы Қазақстан Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады. 

Ұлытау облысында прокурорлардың араласуынан кейін инвесторға 55 млн теңге қайтарылды
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Инвестордың құқықтарының бұзылуы кәсіпкерлік субъектілерінің өтініштерін қарау кезінде заңдылықтың сақталуына жүргізілген талдау барысында анықталды. 

Белгілі болғандай, компания 2025 жылдың шілде айынан бастап импортталған жабдықтар бойынша артық төленген қосылған құн салығын қайтару мәселесімен мемлекеттік кірістер органына бірнеше рет жүгінген. Барлық қажетті құжатты ұсынғанына және қайта-қайта өтініш бергеніне қарамастан, мәселе ұзақ уақыт бойы шешімін таппаған.

Салық кодексінің талаптарына сәйкес, салық берешегі болмаған жағдайда артық төленген сома салық төлеушінің өтініші негізінде заңда белгіленген мерзімдерде қайтарылуға тиіс.

Инвестордың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мақсатында қала прокуратурасы прокурорлық қадағалау актісін енгізді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде компанияға жалпы сомасы 55 млн теңге артық төленген салық төлемдері қайтарылды.

Ұлытау облысының прокуратурасы әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторларды +7 (775) 873-66-36 телефоны немесе 115 Call-орталығы арқылы хабарласуға шақырады. 

Айта кетсек, бұдан бұрын тұтынушылардың 400 миллион теңгеден астам қаражаты қайтарылғанын жазғанбыз.