Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ұлытау облысында жол ережесін өрескел бұзғандарға 22 хаттама толтырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлытау облысы полиция департаментінің қызметкерлері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Жәйрем кентіндегі мейрамханалардың бірінде өткен үйлену тойына байланысты ұйымдастырылған автокөліктер колоннасының жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзғанын анықтады.

Ұлытау облысында жол ережесін өрескел бұзған жүргізушілерге 22 хаттама толтырылды
Фото: Polisia.kz

Полицияның мәліметінше, жүргізілген тексеру барысында автоколоннаны ұйымдастырған азамат анықталып, оған қатысты Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің ұсақ бұзақылыққа қатысты бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері жүргізген жедел іс-шаралардың нәтижесінде жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзған сегіз автокөлік жүргізушісі анықталып, барлығы мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды.

— Тәртіп бұзушыларға қатысты барлығы 22 әкімшілік хаттама рәсімделді. Атап айтқанда, ұсақ бұзақылық жасау, жүргізуші мен жолаушының қауіпсіздік белдігін тақпау, қарсы қозғалыс жолағына шығу, көлік құралын пайдалану қағидаларын бұзу, көлік құралын пайдалану кезінде белгіленген талаптарды сақтамау, жол қозғалысының өзге қатысушыларына авариялық жағдай туғызу, сондай-ақ жаяу жүргіншілер мен өзге де жол қозғалысына қатысушылардың жол қозғалысы қағидаларын бұзу және басқа да әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталды, — делінген хабарламада.

Полиция азаматтарды жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға үндеді. Үйлену тойы, мерекелік кортеж немесе өзге де салтанатты іс-шаралар жол қозғалысы қағидаларын бұзуға және өзге адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруге негіз бола алмайды.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда жол апатынан екі адам мерт болғанын хабарлаған едік.