Ұлт жоспары аясында мемлекеттік қызметтің жаңа этикалық кодексі әзірленіп жатыр - М. Демеуов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Полиция қызметкерлерін іріктеу жүйесін жақсарту, сондай-ақ жеке қасиеттерін, кәсіби дағдыларын тексеру үшін ішкі істер органдарына кандидаттарды тестілеуден өткізудің арнайы жүйесін енгізу «100 қадам» Ұлт жоспарының маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Ел Президентінің тапсырмалары ІІМ-де қалай жүзеге асырылып жатқанын бізге ҚР Ішкі істер вице-министрі, полиция генерал-майоры Марат Демеуов әңгімелеп берді.
None
None

- Марат Ганұлы, «100 қадам» ұлт жоспарында ІІМ құрылымдарының кадрлық жұмысына ерекше ден қойылуының себебі неде деп түсінесіз?

- Қазақстанның ішкі істер органдары - полиция, қылмыстық-атқару жүйесі, әскери-тергеу органы, Ұлттық гвардия, Төтенше жағдайлар комитетін қамтитын елдің ең ауқымды құқықтық қорғау құрылымы.

Азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігі біздің қызметкерлердің тікелей кәсібилігіне байланысты, сондықтан ішкі істер органдарында сапалы кадрлық саясат жүргізуге барша қоғам мүдделі.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері ел Президенті, Үкімет, Парламент ІІО қызметін жетілдіруге, оның нәтижелеріне талаптарды арттыруға бағытталған шешімдер қабылдап отырды.

Мемлекет басшысының «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 қадам - ұлт жоспары» алдымызға маңызды міндеттер қойды, ол ел дамуының жаңа кезеңі болып табылады. Ұлт жоспарында мемлекеттік қызметке, оның ішінде ішкі істер органдарына ерекше көңіл бөлінген.

Президент ІІМ алдына қойған негізгі міндеттердің бірі - құзыретті тәсіл негізінде полиция қызметкерлерін іріктеу жүйесін жақсарту, жеке басының қасиетін, кәсіби дағдыларды тексеру үшін ішкі істер органдарына кандидаттарды тестілеуден өткізудің арнайы жүйесін енгізу.

- Бұл мәселені нақты қалай шешпексіздер?

- Біз кадрларды іріктеудің үш сатылы жүйесін енгізбекшіміз. Бірінші кезекте кандидаттар Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде тестілеуден өтетін болады. Сосын өтініш қабылдау, медициналық полиграфологиялық және психофизикалық тексеруден, әңгімелесуден, бастапқы оқытудан, тағылымдамадан өтеді, бұл тікелей әр құқық қорғау органында жүргізіледі. Содан кейін барып лауазымға тағайындалады.

Алдағы уақытта мемлекеттік қызметке орналасу кандидаттың бәсекеге қабілеттілігі мен оның дәрежесі кәсіби құзырет үлгісіне сәйкес келген жағдайда ғана жүзеге асырылады.

Агенттік елдің заңнамасын қаншалықты білетінін тексеру үшін тест сұрақтарын, сондай-ақ кандидаттың құзыретін, яғни оның сол немесе өзге лауазымда жұмыс істей алу қабілетін айқындау үшін тест әзірлейді.

Бұған ұқсас жүйе ІІБ органдарында бар - біз жыл сайын жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің кәсіби дайындық деңгейін бөлімшелердің жедел қызметінің ерекшелігін ескере отырып, құқықтық, қызметтік, жауынгерлік, физикалық дайындығы бойынша сынақ өткізіп, айқындап отырамыз.

Мұндай тестілеуден кезекті және кезектен тыс аттестаттау кезінде өтеді, оның нәтижесі арқылы сапалы кадрлық құрам, басшылық лауазымды қалыптастыру үшін кадрлық резерв құрамыз.

- Құқық қорғау бағытындағы оқу орындары жүйесіне қандай өзгерістер енгізілуі мүмкін?

- ІІМ жүйесінде оқу орталықтарымен қоса алты оқу орны бар, олар - Алматы, Қарағанды, Қостанайдағы академиялар, ІІМ Ақтөбе заң институты, ТЖК Көкшетау техникалық институты және Петропавлдағы Ұлттық гвардияның әскери институты.

Кадрлар дайындаудың кәсіби деңгейін арттыру бүгінде негізгі міндетке айналды, біз ІІМ негізгі қызметінің мамандарын дайындау үшін ЖОО-ларды қайта бейіндеуден өткіздік, оларға түрлі бағыт бойынша оқу-әдістемелік және ғылыми орталықтар функциясын жүктедік.

Мысалы, ІІМ Алматы академиясы тек криминалдық полиция, жедел-техникалық бөлімше мамандарын, Қарағанды - тергеу, Қостанай - қылмыстық атқару жүйесі мен әкімшілік полиция мамандарын дайындауға бағдарланды.

Келесі жылдан бастап Ақтөбе заң институтын кәсіби қайта даярлау және кадрлардың біліктілігін арттыру үшін Біліктілікті арттыру институты етіп қайта ұйымдастыру жоспарлануда.

ІІМ ЖОО-лары жыл сайын бізге қажетті 1300-ден астам маман даярлап береді.

- Оқу орталықтары жайында айтып өттіңіз? Олардың бағытына тоқталып өтсеңіз.

- Олардың саны 8, мұнда кандидаттарды полиция қызметіне бастапқы оқытудан өткізеді. Бұл жылына шамамен 6 мыңдай адамды қамтиды.

Сондай-ақ Есірткі бизнесімен күрес жөніндегі ведомствоаралық орталық, терроризмге қарсы дайындау орталығы, заңсыз көші-қон, адам саудасымен күрес орталығы сияқты мамандандырылған орталықтар бар. Мұнда жыл сайын 5 мыңға жуық адам біліктілігін көтеріп, қайта даярлықтан өтеді.

- Ішкі істер органдарының тиімділігін арттыру үшін тағы қандай шаралар қабылданып жатыр?

- Шынында да қазір қылмыскерлердің агрессия деңгейі мен қарулану деңгейі артты. Полицейлерді оқытудың заманауи және тиімді әдістемелері керек.

Олардың әрекеттерін стандартты қызметтік тапсырмалар кезінде автоматты деңгейге жеткізу қажет. Қызметкерлерді кез-келген экстремалдық жағдайда кәсіби борышын өтеуі үшін моральды және физикалық тұрғыда дайындаған жөн.

Бұл үшін ішкі істер органдарында жеке құрамның кәсіби дайындығын, әсіресе экстремалдық жағдайлардағы іс-қимылын бақылау бойынша шаралар енгізіліп жатыр.

Тәжірибе көрсеткендей, күрделі жағдайлардың көбі кенеттен пайда болады.

Мұндай кездерде жедел-қызметтік міндеттерді орындау сапасы жеке құрамның дайындығы мен күрделі жағдайларда әрекет ету машығына байланысты болады.

Қаруланған қылмыскерлерді ұстап, құқық бұзушылықтың алдын алу үшін өзін өзі қорғау мен қоян қолтық күрестің әдістері жеке кешендерге жүйелендірілді.

Қаруды пайдалану бойынша оқуларда жаттығу саны көбейді.

- Полиция органдарындағы мәселелердің бірі кадрлар ауысымы болып есептелген. Бұл жағдай өзгерді ме және бұл үшін қандай шаралар жасалып жатыр?

- Өкінішке қарай, жұмыстың көптігі, нормаланбаған жұмыс уақыты, әлеуметтік пакеттің сәйкесінше болмауы мен өзге күш құрылымдарына қарағанда жалақының аз болуы кәсіби кадрлардың ағымына әкеліп отыр. Орташа алғанда жылына ішкі істер органдарынан шамамен 6 мыңға жуық полицей жұмыстан шығады.

Жағдайды жөнге салу үшін соңғы жылдары мемлекет ІІБ материалдық-техникалық базасын қамту бойынша қолдау жасап жатыр. Осылайша, 2013 жылдың қаңтарынан полиция қызметкерлерінің арнайы шені үшін төленетін қосымша қаражаты әскери қызметшілердікімен теңестірілді. Сөйтіп, барлық қызметкерлердің жалақысы шеніне байланысты 29 мыңнан 60 мың теңгеге дейін ұлғайды.

Өткен жылдың сәуір айында Мемлекет басшысы «Ішкі істер органдары туралы» Заңға қол қойды. Онда ІІМ органдарында қызмет ететіндер үшін маңызды әлеуметтік қамту қарастырылған. Мәселен, жедел тергеу, арнайы құрылым қызметкерлері мен қылмыстық-атқару жүйесінің кей қызметкерлері үшін арендалық тұрғын үй төлемін жасау мәселесі бар.

Қазір зейнет реформасы бойынша жұмыс жүріп жатыр. Құқық қорғау органдарын зейнетпен қамту жағдайы жақсарады деп болжанған.

- Марат Ганұлы, сіздің пікіріңізше, полиция қызметкерлерінің біліктілігі мен жауапкершілігін арттыруға, сонымен қатар құқық қорғау органдарының имиджінің жақсаруына тағы не әсер ете алады?

- Қазір «Мемлекет басшысының бес институционалдық реформасын жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында ІІМ Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігімен бірлесіп мемлекеттік қызметтің жаңа этикалық кодексін әзірлеп жатыр. Онда ішкі істер органдарының қызметі мен полиция қызметкерлерінің беделіне әсер ететін парыз, абырой, қарапайымдылық, әдептілік, өзара құрмет сынды түсініктер көріністер табады.

Іске асып жатқан реформалар ішкі істер органдары қызметінің тиімділігін арттыруға және азаматтардың полицейлерге деген сенімінің артуына септеседі деп сенемін.

Соңғы жаңалықтар