Ұлт жоспары: Жоғарғы Сотқа бекітілген 11 қадамның барлығы заңнамалық тұрғыда іске асырылды - Абай Рахметулин

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Ұлт Жоспары шеңберіндегі сот жүйесінің жұмысы және сот төрелігін жүзеге асыру. 2015 жылғы қорытындылар» атты тақырыпта брифинг болып өтті.

Ұлт жоспары: Жоғарғы Сотқа бекітілген 11 қадамның барлығы заңнамалық тұрғыда іске асырылды - Абай Рахметулин

Іс-шараға спикерлер ретінде Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин, Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасының төрағасы Айгүл Қыдырбаева және Жоғарғы Сот судьясы Бағлан Мақұлбеков қатысты.

Брифинг А.Рахметулиннің сөзімен басталды. Ол Ұлт Жоспарының екінші реформасы бойынша Жоғарғы Сотқа бекітілген 11 қадамның барлығы заңнамалық тұрғыдан іске асырылғанын атап өтті. Аталған жұмыс тиісті мерзімде және лайықты деңгейде жүргізілді. Ұлт Жоспарында көзделген жаңашылдықтардың барлығы 2016 жылдың басынан бастап іске аса бастады. Қолданысқа енгізілген жаңашылдықтар отандық сот жүйесін айтарлықтай жаңғыртты.

Жаңа Азаматтық процестік кодекс пен «Жоғары Сот Кеңесі туралы» жаңа Заң қабылданды. «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, Қылмыстық-процестік кодекске және Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске тиісті өзгерістер енгізілді. Жалпы алғанда, жаңартылған заңнама қоғамның сот жүйесіне деген сенімін арттыруға ықпал ететін болады.

А.Рахметулин Ұлт Жоспарының 16-қадамында көзделген сот жүйесін оңтайландыру мәселелеріне ерекше тоқталып өтті. Атап айтқанда, 2016 жылдан бастап халықаралық стандарттарға сәйкес сот ісін жүргізудің үш сатылы жүйесі енгізілді. Бірінші саты - аудандық соттар, апелляциялық саты - облыстық соттар және кассациялық саты - Жоғарғы Сот. Бұл сот шешімдерінің тезірек күшіне енуіне ықпал етеді және процесті әдейі созу мүмкіндігін азайтады.

Ұлт Жоспарының шеңберінде сапалы сот корпусын қалыптастыру мәселесіне айрықша назар аударылуда. Сот корпусы жоғары моральдық қасиетке ие ең лайықты кәсіби мамандардан құралуы тиіс. Осыған орай Жоғары Сот Кеңесі түбегейлі реформаланды, Сот төрелігі институтын Жоғарғы Соттың басқаруына беру мәселесі заңнамалық тұрғыдан шешімін тапты.

Бұдан әрі Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасының төрағасы Айгүл Қыдырбаева сөз сөйледі. Ол Ұлт Жоспарының 23-қадамына сәйкес Жоғарғы Сотта құрылған мамандандырылған сот алқасы туралы айтып өтті. БАҚ өкілдері үшін инвестициялық алқаның соттылық мәселелері егжей-тегжейлі түсіндірілді. Аталған алқа ірі инвесторлардың қатысуымен инвестициялық даулар жөніндегі азаматтық істерді бірінші сатыдағы соттың тәртібімен қарайды, сондай-ақ Астана қалалық сотының соттылығына жататын инвестициялық даулар бойынша сот актілерін апелляциялық тәртіпте қайта қарайды.

Кәсіпкерлік кодекске және «Инвестициялар туралы» Заңға сәйкес Қазақстан Республикасында айлық есептік көрсеткіштің кемінде екі миллион еселенген мөлшерінде инвестицияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға ірі инвестор деп танылады (бүгінде бұл 4 242 000 000 теңге).

А.Қыдырбаева Жоғарғы Соттың жанынан құрылған Халықаралық Кеңестің жұмысын айрықша атап өтті. Аталған Кеңес сот төрелігінің отандық жүйесін жетілдіру мәселелеріне қатысты сарапшылық консультациялар беретін болады. Оның құрамына қазақстандық ғалымдармен қатар, шетелдік беделді судьялар мен заңгерлер кіреді. Кеңесті Жоғарғы Сот Төрағасы басқарады. Оның мүшелері бір жылдық мерзімге сайланады. Кеңес отырысы жылына кем дегенде екі рет өтеді. Кеңесті құру кезінде Республика Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің, сондай-ақ ел Үкіметі жанындағы инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің оң тәжірибесі ескерілді.

Брифингте келесі кезекте сөз алған Жоғарғы Сот судьясы Б.Мақұлбеков Сот жюриінің қайта құрылуы, Судьялардың жаңа Әдеп кодексінің әзірленуі туралы айтып өтті.

2016 жылдан бастап Сот жюриі біліктілік және тәртіптік бағыттағы екі комиссиядан тұрады. Әрбір комиссияның құрамына аудандық, облыстық және Жоғарғы Соттың судьялары кіреді. Мұндай жүйе Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Стамбұл жоспарын орындау мақсатында іске асырылды. Аталған тәсіл комиссиялардың жұмысын неғұрлым айқын ете түседі әрі оның шешімдеріне деген судьялардың сенімін арттырады.

Біліктілік комиссиясы жұмыс істеп жүрген судьялардың кәсіби қызметіне баға беретін болады. Бұл, ең алдымен, судьялардың кәсіби білім деңгейі мен оны сот төрелігін жүзеге асыруда қолдана білу қабілеті. Сонымен қатар, сот қызметінің нәтижелерін, судьяның іскерлік және адамгершілік қасиеттері мен оның заңнама және Судьялардың әдеп кодексінің талаптарына сәйкестігін зерделеу.

Судьялардың кәсіби қызметіне баға алғаш рет судья лауазымында атқарған бірінші жылғы жұмысының нәтижелері бойынша беріледі. Кейіннен баға әрбір бес жыл сайын, сондай-ақ судья жоғары тұрған соттың судьясы лауазымына, сот төрағасы, сот алқасының төрағасы лауазымдарына жарияланған конкурстарға қатысқан жағдайда берілетін болады. Жиырма және одан да көп судьялық өтілі бар судьялар судьяның кәсіби қызметін мерзімдік бағалаудан босатылады.

Тәртіптік комиссия судьяның орнынан түсу құқығын растау, судьяға қатысты тәртіптік іс қозғау мәселелерін қарастыратын болады.

Судьяға қатысты материалдарды тәртіптік комиссияда қарауға облыстық сот пен Жоғарғы Соттың жалпы отырысы төралқасының шешімдері негіз болып табылады. Сонымен қатар, Сот жюриінің судьяға қатысты материалдарды қарауына жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негіз болып табылады.

Судьялар есептілігінің күшеюі, жұмыс істеп жүрген судьялардың біліктілігін мерзімдік бағалау, азаматтарға судьялардың әрекетіне қатысты Сот жюриіне шағымдану мүмкіндігінің берілуі судьялардың кәсіби тәртібін нығайтуға, сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсартуға және осылардың нәтижесінде тұрғындардың сот жүйесіне деген сенімін арттыруға ықпал ететін болады.

Судьялардың Әдеп кодексінің жобасында судьяларға ел Президенті, заман және қоғам тарапынан қойылатын барлық талаптар ескерілетін болады. Кодекс судьялардың мінез-құлқының Банголор қағидаттарына және үздік халықаралық тәжірибеге негізделетін болады. Судьялардың жаңа Әдеп кодексі Судьялардың жетінші съезінде қабылданады деп күтілуде. Съезд ағымдағы жылғы маусымда өтеді деп жоспарланып отыр.

БАҚ өкілдері үшін сот төрелігін жүзеге асырудың 2015 жылғы негізгі қорытындылары таныстырылды. Өткен жылы соттардың сот төрелігін жүзеге асыру бойынша атқарған сапалы жұмысын 2015 жылы істердің 2,5%-ға артық аяқталып, сот актілерінің абсолютті басым бөлігінің заңды әрі негізді деп танылу фактісі айғақтайды.

Жаңа қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнамана қолданысқа енгелі бері соттарға келіп түскен барлық қылмыстық істердің үштен астамын қылмыстық теріс қылықтар туралы істер құрады. Әрбір оныншы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жеделдетілген тәртіпте аяқталды. 1423 іс бойынша жеңілдетілген сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Кінәні мойындау туралы келісім бойынша белгілі-бір тәжірибе қалыптасуда. Келісімдік іс жүргізу тәртібінде қарастыру үшін 2,5 мыңнан астам қылмыстық іс келіп түсті.

«Жазалау» тәжірибесінің өзгеруі жағдайында шын мәнінде бас бостандығынан айырылуға сотталғандардың үлес салмағы 13,1 пайызға азайды. Жазаның баламалы түріне сотталғандардың үлес салмағы төрт есе артты. Айыппұлға және қоғамдық жұмысқа сотталғандардың саны бірнеше есе артты. Ақталған адамдардың саны 55 пайызға немесе 1,5 есе артты.

Дауды реттеудің баламалы тәсілдерін қолдана отырып шешілген азаматтық істердің саны 23,8 пайызға көбейді. Олардың жартысынан астамы бітімгершілік келісім жасау арқылы аяқталса, 41,6 пайызы медиатордың қатысуымен қаралды.

Брифинг барысында Жоғарғы Сот судьялары БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.