Ұлттар лигасы: Қазақстан әйелдер құрамасы Армениядан басым түсті

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасы бүгін UEFA Ұлттар лигасы төртінші турында өз алаңында Арменияны қабылдады.

Қазақстан әйелдер құрамасы Армениядан басым түсті
Фото: Қазақстан футбол федерациясы

Аталған ойынға дейін турнир кестесінде ел құрамасы төрт ұпаймен үшінші орында тұрған еді. Алғашқы екі орындағы Люксембургтің -7, Арменияның — 6 ұпай еншіледі. 

Бұл топтан алғашқы екі орынға тұрақтаған құрамалар жарыстың келесі сатысына жолдама алады. Онда В дивизионына жолдама сарапқа салынады.

Сондықтан бүгінгі кездесуде құрамалар тартысты ойын өткізетіні анық еді. Ойынның бірінші кезеңінде қарсыластар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.
Екінші кезеңде қазақстандық Әмина Бибосынова 48, 55-минутта екі мәрте мергендігімен көзге түсті. Одан кейін армениялық футболшылар екі гол соғып кетті.

Ал 71-минутта Әйгерім Айтымова қайтадан Қазақстанды алға шығарды.
Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде жеті ұпаймен екінші орынға көтерілді.

Ел құрамасы С дивизионы үшінші тобында сынға түсіп жатыр. Қарсыластары — Армения, Люксембург және Лихтенштейн.

Алғашқы екі ойында қазақстандық футболшылар Арменияға 0:2 есебімен жеңілсе, одан кейін Люксембургпен 2:2 есебімен тең түсті. Ал үшінші турда Лихтенштейнді 4:0 есебімен тізе бүктірді.

Енді қазақстандық футболшылар 30 мамырда өз алаңында Лихтенштейнді қабылдаса, одан кейін 3 маусымда Люксембургпен кездеседі.

Соңғы жаңалықтар