Ұлттар лигасы: Қазақстан құрамасы қатарынан үшінші мәрте жеңілді
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін, 13 қазанда футболдан Қазақстан құрамасы UEFA Ұлттар лигасының В дивизионында төртінші ойынын Словенияға қарсы өткізді.

Аталған турнирде қазақстандық футболшылар әлі жеңістің кілтін таба алмай келеді. Бұған дейін үш кездесудің біреуінде тең ойнаса, екеуінде қарсыластарына есе жіберіп қойды.
Бұл жөнінен Словения құрамасы да алда тұрған жоқ. Қазірге дейін небәрі төрт ұпайды місе тұтқан олар бүгінгі кездесуде жеңіске жету жолын іздейтіні белгілі еді.
Кездесу барысында қос құрама бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Ойынның бірінші кезеңінде қазақстандық шабуылшы Абат Айымбетовтің алыстан тепкен добы қақпа бағанасына тиіп, кейін қарай серпілді. Словениялық футболшылардың да гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болды. Дегенмен таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.
Екінші кезеңнің алғашқы минуттарында словениялық футболшылардың белсенділігі байқалды. Нәтижесінде 53-минутта олардың қатарынан Ян Млакар өз құрамасын алға шығарды.
Осылайша қазақстандық футболшылар қарсыласына 0:1 есебімен есе жіберді.
Екі құрама қазірге дейін үш мәрте кездесіп, барлығында словениялық футболшылар үш ұпайға қол жеткізген еді.
Енді ел құрамасы алдағы екі ойынын қараша айында өткізеді. Алдымен 11 қарашада өз алаңында Австрияны қабылдаса, 14 қарашада сырт алаңда Норвегиямен кездеседі.