Ұлттар лигасы: Қазақстан құрамасы Словениядан ірі есеппен жеңілді

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан құрамасы UEFA Ұлттар лигасындағы екінші ойынын Словенияға қарсы өткізді.

Футбол
Фото: МОҚ

Ел құрамасы В лигасы үшінші тобында Норвегия, Словения және Австрия құрамаларымен сынға түседі.

Кездесу барысында словениялық футболшылар жылдам гол соғу мүмкіндігін іздеді. Нәтижесінде олардың қатарынан Беньямин Шешко 23, 28-минутта екі гол соғып кетті. Ол бұдан бұрын 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде де қазақстандық құрамаға белгіленген пенальтиден бір голдың авторы атанған еді.

Словениялық шабуылшы 63-минутта тағы бір мәрте көзге түсіп, хет-триктің авторы атанды. 
Осылайша Қазақстан қарсыласына 0:3 есебімен есе жіберді.

Өз тарихында екі құрама 2024 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңінде кездесіп, екі ойында да қазақстандық футболшылар қарсыласына 1:2 есебімен жол берді.

Енді ел құрамасы 10 қазанда сырт алаңда Австриямен кездессе, 13 қазанда өз алаңында Словенияны қабылдайды.

Еске салсақ, қазақстандық футболшылар бұдан бұрын Ұлттар лигасының алғашқы турында Қазақстан құрамасы Норвегиямен 0:0 есебімен тең түсті.

Соңғы жаңалықтар