Ұлттық банк экономиканың банктерге тәуелділігін азайтуды көздеп отыр
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан экономикасының банк несиелеріне тәуелділігін азайтып, бағалы қағаздар нарығы мен сақтандыру саласы арқылы қаржы тарту мүмкіндігін кеңейту көзделіп отыр. Осы бағытта реттеуші органдар қазан айының соңына дейін екі бағдарламаны бекітуді жоспарлап отыр.
Бұл туралы Astana Finance Days аясында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.
Оның сөзінше, қазір елдің қаржы жүйесінде банктердің үлесі басым. Жалпы қаржы нарығының 80 пайыздан астамы банк секторына тиесілі. Ал бағалы қағаздар нарығы, брокерлер, дилерлер, сақтандыру компаниялары және өзге қаржы ұйымдарының үлесі шамамен 20 пайыз ғана.
- Қазір экономика негізінен банктерге сүйенеді. Банктердің жағдайы жақсы болса, бизнеске де қаржы бар. Ал банк секторында қиындық туындаса, оның орнын басатын басқа қаржы көздері аз. Бұл көптеген елге тән жағдай, – деді Тимур Сүлейменов.
Алдағы уақытта Ұлттық банк мұны біртіндеп өзгертіп, банктен тыс қаржыландыру көздерінің үлесін арттыруды көздеп отыр.
- Қазір банктердің үлесі 80 пайыздан асады. Болашақта бұл көрсеткіш, мысалы, 60 пайызға дейін төмендеп, қалған бөлігін бағалы қағаздар нарығы және өзге де қаржы құралдары толықтыруы мүмкін. Бұл KASE немесе AIX биржалары, акциялар мен облигациялар, токенделген активтер немесе жаңа қаржы құралдары болуы ықтимал. Ең бастысы – нақты секторға қаржы тартудың мүмкіндігін көбейтіп, тек банк несиесіне тәуелді болып қалмау, – деді ол.
Тимур Сүлейменов бұл өзгеріс банк секторын қысқарту дегенді білдірмейтінін атап өтті.
- Банктер де өсе берсін. Бірақ сонымен бірге бизнестің қаржы тартуына мүмкіндік беретін басқа тетіктер де қатар дамуы керек, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Осы бағытта Ұлттық банк Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, Президенттің тапсырмасы бойынша екі бағдарлама әзірлеп жатыр. Бірі бағалы қағаздар нарығын, екіншісі сақтандыру саласын дамытуға арналған.
Сүлейменовтің айтуынша, екі бағдарлама да қазан айының соңына дейін бекітіледі. Кейін бағалы қағаздар нарығы мен сақтандыру саласына қатысты заң жобалары әзірленеді.
Бұған дейін Astana Finance Days аясында АХҚО қазақстандық экологиялық жобаларға көміртек бірліктерін биржада сатуға мүмкіндік беретін келісімге қол қоятыны хабарланған.